20 наурыз – Халықаралық «Бақыт» күнінде Біріккен Ұлттар ұйымының «Ғаламдық бақыт туралы есебі» жариялады.
Есепке сүйенсек, Қазақстан 49-орынға жайғасып, Орталық Азия бойынша екінші орынға ие болған. 47-орында Өзбекстан тұр. Алайда былтыр бұл көрсеткіште Қазақстан 44-орында, Өзбекстан 55-орында болған.
Қазақстаннан бөлек, өз позициясын айтарлықтай жоғалтқан елдер қатарында Украина бар. Биыл 105-орынға жайғасса, былтыр 92-орында болған. Бұған соғыстың айтарлықтай әсері болған. Ресей де екі сатыға төмендеп, 72-орында тұр, былтыр 70-орында болған.
ХАМАСҚА қарсы соғыс ашқан Израиль бір ғана сатыға төмен түскен. Былтыр 4-орында болса, биыл 5-орынға жайғасқан. Баяндама авторлары рейтингтің үш жылдағы орташа көрсеткішке негізделгенін атап өтті. Яғни бұл бір жыл ішіндегі оқиғалар әсер ете алмайтынын білдіреді.
Ең бақытты елдер санатында Солтүстік Еуропа елдері тұр. Жетінші жыл қатарынан бірінші орынға Финляндия жайғасты. Көшбасшылар үштігінде Дания мен Исландия бар. АҚШ рейтингте бірден 8 орынға жайғасқан.
Бақытты елдер рейтингінде төмен орында тұрған елдер
«Бақыт» рейтингінде төменгі орында әлі де Ауғанстан тұр. Одан бөлек, Ливан, Лесото, Сьерра-Леоне және Конго да соңғы орындарды иеленді.
Биыл баяндамада алғаш рет жас топтары бойынша жеке рейтингтер ұсынылды. Деректер әлемнің кейбір бөліктеріндегі жастар арасындағы өмірге қанағаттану айтарлықтай төмендегенін көрсетеді.
Баяндамада 140 астам елден келген адамдар арасында жүргізілген жаһандық сауалнама деректері пайдаланылған. Елдер «Бақыт» деңгейі бойынша алдыңғы үш жылдағы орташа өмірлік бағалауларына негізделген. Есепті Gallup, Оксфорд әл-ауқатын зерттеу орталығы, БҰҰ-ның Тұрақты даму шешімдерін әзірлеу желісі дайындаған.
Онда өмірді бағалауға көмектесетін алты негізгі фактор қарастырылған: жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүру ұзақтығы, еркіндік, жомарттық(қайырымдылық жасау – ред.) және сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікір білдіру.
Осыған дейін Our World in Data сарапшылары жүргізген бақыт пен өмірге қанағаттану рейтингінде Қазақстан 165 елдің арасында 49 орынға тұрақтаған еді. Қазақстанда орташа балл 6,14 болған, бұл респонденттердің өз өмірлеріне жартылай ғана қанағаттанғанын білдіреді. ТМД бойынша жақсы көрсеткіш болғанымен қазақстандықтар еуропалықтар немесе америкалықтар сияқты бақытты емес.
Тұрғындары ең бақытты елдер Еуропада. Үздік бестікке Финляндия, Дания, Исландия, Нидерланд және бір таяу шығыс мемлекеті — Израиль кірген.