Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Салық реформасы аясында баспагерлерді 10 жыл мерзімге салықтан босатуды ұсынды. Бұл туралы депутат премьер-министрдің орынбасары Тамар Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында жазған.
«Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек.Мәселен, қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі ұлттық кітап шығаруды қолдаудың пәрменді шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қолданылады», – дейді депутат.
Депутат отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгертуді ұсынды. Оның сөзінше, қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді.
Ол қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйелері қажет екендігін атап өтті.
«Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар, кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек»,– деп жазады депутат.
Тоқаев кітапханалар жайлы
Осыған дейін Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуға баулудың маңызына тоқталып, Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана ғимараты салынатынын да жеткізді.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», – деді президент.
Ол Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылып, жастардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасалғанын айтып, облыс әкімдеріне осы тәжірибені жалғастыруды тапсырды. Бұдан бөлек ол Ұлттық кітап күнін бекітуді қолдайтынын айтты.
«Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын», – деді президент.
Ол қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтіп, соңғы кезде аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп екенін айтты.
«Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді ол.
Президент экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтты. Ол ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болуды ескертті.