Қазақстан бензин мен дизель отынын елден шығаруға тыйымды 6 айға ұзартты

Жарияланды
Қазақстан бензин мен дизель отынын елден шығаруға тыйымды 6 айға ұзартты / коллаж kursiv.media

Бірнеше орталық мемлекеттік органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен 29 наурыздан бензин мен дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін елден әкетуге алты айға тыйым салынады.

«Қазақстан Республикасының аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін», – делінген бірлескен бұйрықта.

Құжатқа ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Қаржы министрі Мәди Такиев, Энергетика министрінің міндетін атқарушы Ерлан Ақкенженов қол қойған. Бұйрық Көлік министрлігімен, Сауда және интеграция министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен келісілген.

Бұл ретте өнеркәсіптік өндіріске қою мақсатында тәжірибелік-өнеркәсіптік партиядан үлгілерді іріктеу, біліктілік және зертханалық сынақтар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін отынды штаттық бензин бактарында, сондай-ақ, авиа отынды әкетуге тыйым салынбағанын айта кету керек. Сонымен қатар Үкіметтің шешімі бойынша гуманитарлық көмек аясында жеткізілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға болады.

Бірлескен бұйрық 18 наурызда жарияланды және алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күннен соң қолданысқа енгізіледі.

Ішкі істер министрлігіне автомобиль көлік құралдарын дайындаушы зауытта көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін бензин бактарында аталмыш отын түрлерін әкетуге жол бермеу тапсырылған. Энергетика министрлігінің мұнайды тасымалдау және қайта өңдеу департаменті тыйым салу енгізілгені туралы Еуразиялық экономикалық Комиссияны хабардар етуге тиіс.

Осыған дейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге және Қазақстан Республикасынан экспорттауға тыйым салынған мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы қол қойыған бұйрық күшіне енгенін жазған едік

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасынан экспорттауға тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы хаттамаға сәйкес, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз