Жаңалықтар

«Аманат» фракциясы Елтаңбаға қатысты талқылау үшін алаң құруды ұсынды

«Аманат» фракциясы Елтаңбаны өзгертуге қатысты талқылау үшін алаң құруды ұсынды / коллаж kursiv.media

Мәжілістегі «Аманат» фракциясының депутаттары Елтаңбаға қатысты талқылау жүргізу үшін арнайы алаң құруды ұсынады. Ұсынысты олар премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалдарында жазған.

«Жаппай пікірталасты өркениетті бағытқа бұрып, барлық тараптарға дәлелді түрде сөйлеуге, барлық ықтимал артықшылықтар мен ықтимал кемшіліктерді, соның ішінде бюджет шығындарын есептеуді талқылауға мүмкіндік беру керек», – делінген депутаттар сауалында.

Ол Елтаңбаның қазақстандықтарға ғана емес, шетелдіктерге де түсінікті болуы үшін қарапайым болуы керек екендігін жазған. Олар Қазақстанның Алтын Орда тарихи байланысын мемлекеттік рәмізде көрсетуді ұсынған.

«Мемлекеттік елтаңбада, шын мәнінде, тарихи сабақтастық жоқ және Қазақстанның тәуелсіз ұлттық мемлекет ретінде көрсетілмейді. Қолданыстағы Мемлекеттік Елтаңба Қазақ КСР – нің өзгертілген Елтаңбасы. Онда бидай орнына тұлпардың қанаттары, Орақ пен балғаның орнына шаңырақ, ал «ҚазССР» деген жазудың орнына «Qazaqstan» деген жазу қойылған. Бес бұрышты жұлдыз өзгеріссіз қалды», – деп түсіндірді Елтаңбаны өзгерту ұсынысын депутаттар.

«Аманат» фракциясының депутаттары Үкіметке ұсыныс жасады:

  • Мемлекеттік рәміздерді жаңғырту идеясын талқылау үшін алаң құру, оған қоғам қайраткерлері, геральдикадағы мамандар кіруі тиіс. 
  • Алаңда талқылау үшін мемлекеттік рәміздерді жаңғырту бойынша барлық қажетті материалдарды дайындау, оның ішінде Елтаңбаны ауыстыру процесін қамтитын барлық шығындар бойынша деректерді қамту керек.
  • «Аманат» партиясының парламенттік фракциясы жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесінде өзінің жауапкершілігін сезіне отырып, Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік рәміздерді жетілдіру мәселелерін талқылауды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуге дайын.

Елтаңбаны өзгерту

Тоқаев елтаңбаны өзгерту туралы ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан еді.

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым», – деді президент.

Оның айтуынша, нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуы керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

«Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елтаңбаға тапсырыс беру

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда мемлекеттік органдар қолданыстағы елтаңбаға мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тапсырыс беретінін жазған едік. 18 наурыздағы жағдай бойынша мемлекеттік сатып алу порталында  елтаңбаға 12 өңірден 36 тапсырыс бар. Ең көп тапсырыс Ақтөбе облысынан – 8 тапсырыс,  Жамбыл облысынан 6 тапсырыс жариялаған.

Ең қымбат тапсырысты Абай облысы Үржар ауданының әкімдігі жариялаған. Олар ғимарат сыртына ілінетін елтаңбаны 280 мың теңгеге алуға дайын (бұл қаржыға елтаңбаны орнату құны да енген). Ең арзан тапсырысты Жамбыл облысы Сарысу ауданының білім бөлімі жариялаған. Олар пластиктен жасалған елтаңбаны 7 мың теңгеге алуды жоспарлаған.

Ең көп тапсырысты да осы Жамбыл облысы Сарысу ауданының білім бөлімі жариялаған. Олар 420 мың теңгеге 60 дана(әрқайсысы 7 мың теңгеден) пластиктен жасалған елтаңба, 998 926 теңгеге 37 дана(әрқайсысы 26 998 теңгеден) гипстен жасалған елтаңба тапсырыс беруге дайын. Білім бөлімі жалпы 97 дана елтаңба сатып алуды жоспарлаған.

Еске сала кетсек, егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы 4 маусым ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.