Қостанай облысында ауыл әкімінің денесі табылды

Жарияланды
Қостанай облысында ауыл әкімінің денесі табылды / коллаж kursiv.media

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Пресногорьков ауылдық округінің әкімі Тастемір Тұрсынбаевтың денесі табылды. Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

«Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіледі. Тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК 201-бабына сәйкес жүргізіліп жатқан тергеу шеңберіндегі өзге де мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады полиция департаменті.

«ТоболИнфо» ақпаратына сүйенсек, ер адамның денесі үйдің ауласынан табылған.

Ұзынкөл ауданының әкімдігі ресми сайтында әкімнің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Тастемір Тұрсынбаев 1964 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. 

Еңбек жолын электрик болып бастап, кейін Ұзынкөл ауданы Петропавл ауылдық округінің ветеринариялық учаскесінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ол 16 жыл бойы Петропавл ауылдық округінің әкімі болған.

2015 жылдан 2018 жылға дейін Тастемір Тұрсынбаев Пресногорьков ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, 2023 жылы үзілістен кейін ол қызметке қайта оралған.

Айта кетейік, 2023 жылдың 5 қазан күні Қазақстанның 17 облысында аудан әкімдерінің сайлауы өткен еді. Бұл сайлау президент бастамасымен алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өткізілді. Сайлау барысында 1553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп оған 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылған. 

Балама негізде өткен сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілген. Ал сайлауға қатысу көрсеткіші – 62,79%-ды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды. Кандидаттың жасы 25-тен кем болмауы тиіс. Сайланған әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Қостанай облысының Алтынсарин, Қарабалық, Федоров ауданы мен Рудный қаласының әкімдері ауыспаған. Денисов ауданының ғана әкімі өзгерген.

Сондай-ақ оқыңыз