Кінәсін толық мойындады: Астана қаласының соты Самат Әбіштің шартты түрде сотталғанын растады

Жарияланды
Самат Әбіш пробациялық бақылауға алынған / коллаж kursiv.media

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіштің 8 жылға шартты мерзімге сотталғанын растады.

Ақпаратқа сүйенсек, сот «Құпия» белгісіне ие болғандықтан, жабық түрде өткен.

«Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан А.-ны белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады», – делінген хабарламада.

Астана сотының мәліметіне сүйенсек, Самат Әбіш «кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген». Сот оны 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Ол кінәлі деп танылған бап негізінде пробациялық бақылау белгіленген.

«Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген сот хабарламасында.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Әбіштің пробациялық бақылауға алынғанын айтты. Министрдің сөзінше, Самат Әбіш сот үкімінен кейін тіркелген мекен-жайында өмір сүріп, шетелге шығуы шектелген.

«Аталмыш азамат (Самат Әбіш – ред.) пробациялық бақылауда. Ол елден кете алмайды. Өзінің тіркелген мекен-жайы бойынша болуы керек», – деді министр Мәжіліс кулуарында журналистерді Самат Әбіштің сотталғаны туралы сұрағына жауабында.

Самат Әбіштің сот үкімі

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасы» бойынша кінәлі деп танылғаны туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Facebook-аккаунтында жазған.

«26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен сегіз жылға шартты түрде сотталды. Оның генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынды. Бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмады», – делінген жазбада.

Ол Қазақстанда ешкім сегіз жылға шартты түрде сотталмағанын атап өткен еді.

2023 жылғы қыркүйекте Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеуді бастады. Ол Қаңтар оқиғасы кезінде лауазымды өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында құпия құжаттар зерделеніп жатыр. Бас прокуратура Конституцияға заң мен сот алдында барлық азамат тең екенін еске салған.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасарының ісі сотта қаралып жатқанын жазған едік. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Самат Әбіш ісіне қатысты қосымша ақпарат берген болатын.

«Мен тек істің сотта қаралып жатқанын білемін. Ол – Қазақстанда. Бұған дейін одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Қалғанын айта алмаймын. Іс сотта қаралып жатқандықтан, оның мәртебесі сотталушы», – деді Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ қылмыстық істе мемлекеттік құпия барын атап өтті.

Былтыр қазан айында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Назарбаевтың немере інісі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргенін айтты. Оның пікірінше, тергеушілер оның қашып кетпейтініне сенімді болуы мүмкін.

«Тергеу органдары тергеу жұмыстарына сүйенеді. Олар оның ешқайда қашпайтынына сенімді болса керек. Ол қылмыстық қудалау органдары алдындағы заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерінің ешқайсын бұзбаған болуы мүмкін. Сондықтан оған басқа бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе туындамаған», – деді ол.

Оның айтуынша, тергеу амалдары жүріп жатыр. Басқа тергеу деректері жарияланбайды.

Ол ҰҚК Төрағасының экс-орынбасары 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылған еді. Ал 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлаған.

Самат Әбіш – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Оның ағасы Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы қыркүйекте алты жылға сотталған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз