Бас көлік прокуратурасы «Бейнеу-Шымкент Газ Құбыры» ЖШС қызметінен көптеген бұзушылықтарды анықтады. Бұл жайлы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша ЖШС тендерлерді тек қағаз және газет басылымдарында жариялап отырған. Ал тендерлік өтінімдер жазбаша түрде тіркеліп отырған. Ал мемлекеттің қатысу үлесі бар кәсіпорын қызметкерлері сатып алынатын қызметтер мен тауарларға техникалық сипаттамаларды нақты өздерінің жеткізушісіне ыңғайлап дайындаған.
Бұл жағдай бизнестің салауатты бәсекелестігін қалыптастыруға теріс әсер еткен. Сонымен қатар әлеуетті қызмет көрсетушілердің нарық сегментіне қол жеткізу құқығына нұқсан келтірген.
«2019 жылы тапсырыс берушіде тиісті адами ресурстың болуына қарамастан, 2020-2024 жылдарға арналған тарифтік смета және инвестициялық бағдарлама бойынша өтінімдерді қалыптастыру, ресімдеу, ұсыну және сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетуге жалпы сомасы 133 млн теңгеден астам үшінші тарап үлестес компаниясымен негізсіз шарт жасалды»,- делінген хабарламада.
133 млн теңгеге бағаланған бұл жұмысты тендер жеңімпазына қатысы жоқ жалдамалы тұлғалар небары 1,5 млн теңгеге жүргізген. Солайша бұл заңсыз шарттан күдіктілер 131 млн теңге пайда көрген.
Анықталған бұзушылықтар бойынша Бас көлік прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтеліп, кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде «Qazaq Gaz» АҚ-на қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілген.
Ал ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Шымкент Газ Құбыры» ЖШС сатып алулары «Qazaqstan trading platform» порталына, электрондық форматқа ауыстырылған.
Еске сала кетсек, Бас көлік прокуратурасы арқылы 2023 жылы 53 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке қайтарған.
Сонымен бірге Көлік прокуратурасы 600 кәсіпкерден негізсіз ақша алып келген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ «Астана-Петропавл» автожолына жауапты филиалының жұмысын тексерді. Құзыретті орган ақылы учаскелерде жол жүру ақысын төлеу бойынша заңнаманың сақталуына талдау жүргізген. Тексеріс нәтижесінде 605 кәсіпкердің 3,5 млн теңгесі негізсіз алынғаны белгілі болған.