Қазақстандағы моноқалалар саны азайды – Экономикалық зерттеулер институты

Жарияланды
7 қала моноқалалар тізімінен шығарылған / Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда моноқалалар саны азайған. Бұл жайлы Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Айгерим Аманжолова жазған.

Маманның айтуынша моноқалалардың тізбесі экономикалық дамудың мамандануын және әлеуетін ескере отырып қалыптастырылады. 

2023 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен осындай моноқалалардың жаңа тізбесі бекітілген. Олар Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск, Екібастұз қалалары.

Алайда бұл тізімге 7 қала кірмеген. Олар – Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Сарань, Серебрянск, Текелі қалалары.

Осыған дейін моноқалаларға жатқызылған бұл қалалар экономикалық өзгерістер мен табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты өз «мәртебелерінен» айырылған.  

Моноқалалар тізімінен шығып қалған қалалар

Арқалық және Серебрянск моноқалалардың тізбесінен қала құраушы кәсіпорынның жабылуына байланысты алынып тасталған. Атап айтқанда, бұл өңірде жұмыс істеп келген Торғай боксит кен басқармасы және Серебрянск бейорганикалық өндірістер зауыты жабылып қалған.

Текелі және Сарань қалалары тізбеден экономикалық әртараптануына байланысты шығарылған. Нақтырақ айтқанда, 2014-2022 жылдар аралығында Текелі қаласында өнеркәсіп көлемі артқан. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 11 376,3 млн теңге болса, 2022 жылы 30 914,7 млн теңгеге дейін артқан. Қалада жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 81,3%-ға артқан. Олардың саны 2014 жылғы 928 бірлік болса, 2022 жылы 1 683 бірлікке дейін өскен.

Ал Сарань қаласының өнеркәсіп өнімі 2014 жылғы 21 577,8 млн теңгеден 2022 жылы 70 901,1 млн теңгеге дейін 3 есеге ұлғайған. Мұнда шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі индикаторлары өскен. Солайша 2022 жылы белсенді жұмыс істейтін ШОБ субъектілерінің саны 2 604 бірлікті құраған. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 14,8%-ға артық.

Тізімдегі Жезқазған қаласы Ұлытау облысының әкімшілік орталығына айналғаны себепті бұл мәртебеден айырылған.

Ал аудандық маңызы бар моноқала саналып келген Жаңатас пен Қаратауды шағын қалалар тізіміне енгізу туралы шешім қабылданған. Бұл қалалар 2023-2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын іске асыру кезінде қосымша дамытылады.

Елдегі моноқалалар болашағы қандай

Еске сала кетсек, өткен жылдың қыркүйек айында еліміздің 10 моноқаласын дамытуға 1,7 трлн теңге бөлінетіні туралы хабарланды. Онда аталған тізімде жоғарыда аталған Арқалық, Серебрянск, Жаңатас, Қаратау қалалары да бар. Үкімет Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск, Степногорск, Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын дамытуға қаражат бөлуі керек болған.

Қазақстанда 89 қала бар. Оның 27-сі – 1,4 млн халқы бар моноқалалар болған. Олар өнеркәсіп өнімдерінің шамамен 40%-ын өндіреді. Жоғарыдағы жеті қаланы тізімнен шыққанын ескерсек, олардың жалпы саны 20-ға түсіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз