КЗ СТ сертификаттары мен Индустриялық сертификатты алмастырады: Қазақстанда отандық тауарлар тізілімі құрылады

Жарияланды
Отандық  тауарлар тізілім
Отандық тауарлар тізілімі парламент арнайы заң жобасын қабылдаған соң құрылады / Фото: kursiv.media

Қазақстанда КЗ СТ сертификаттары мен Индустриялық сертификаттың орнына Отандық тауарлар тізілімі құрылады. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықаев мәлімдеді.

Вице-министрдің хабарлауынша, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына бастамашылық жасаған.

«Заң жобасы негізінде КЗ СТ сертификаттары мен Индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлар тізілімін құру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде салалық мемлекеттік органдардан оқшаулау үлесін арттыруға, өндірілетін тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға және шығу тегін (өндірісін) растау тетігінің ашықтығын қамтамасыз етеді», – дейді Балықаев.

Вице-министрдің айтуынша КЗ СТ сертификаттары мен Индустриялық сертификаттың кемшіліктері бар.

  • аталған сертификаттар белгілі бір дәрежеде бір-бірін қайталайды, бұл өндірушілердің оларды алуға шығындарының өсуіне әкеп соғады;
  • сараптамалық ұйымдарға олардың біліктілігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ салалық ерекшеліктерін растайтын талаптар жоқ;
  • өндірістің нақты бар жоғын тексерудің мүмкіндігі жоқ;
  • қазақстандық өндірісті растау жүйесі нақты технологиялық операцияларды растаудың орнына негізінен елішілік құндылық үлесіне және адвалорлық үлесті есептеуге негізделген;
  • әр түрлі сертификаттарды алу және кейіннен әртүрлі тізілімдерге енгізу талабы;
  • өндірісті растау үшін барлық интеграциялары бар бірыңғай мемлекеттік ақпараттық база жоқ.

Десе де министрлік Отандық тізілімге СТ KZ мен Өнеркәсіптік сертификаттарының жақсы тұстарын алуды көздеп отыр.

«Өйткені олар бір-бірін белгілі бір дәрежеде қайталайды. Біз Қазақстаннан шыққан тауарлар тізілімін қалыптастыруды қолға аламыз. Бұл біртұтас мемлекеттік ақпараттық жүйе саналады. Бұл жүйе барлық жүйелермен интеграцияланып, салық және кеден органдарының деректер базаларымен барлық мәлімделген құжаттарды автоматты түрде тексеру есебінен адам факторын барынша азайтуды қамтамасыз етеді», – дейді Балықаев.

Еске сала кетсек, өткен жылдың күзінде, Сауда министрлігі қазақстандық тауарлардың тізілімін құруды көздейтін құжат дайындағанын хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз