Америкалық ковбойлар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар тартады

Жарияланды (жаңартылды )
АҚш, ковбой
Америкалық ковбойлар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар тартады / Фото: Спорт және туризм министрлігі

Америкалық ковбойлар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар тартуға дайын екенін жеткізді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Бұған дейін АҚШ-тың көкпардан ұлттық құрамасы 2018 және 2022 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан.

«Кейінгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан көкпаршылары бас жүлдені жеңіп алды. Сондықтан біз биыл да спортшыларымызға зор сенім артамыз. Сонымен қатар сіздер Орталық Азиядағы көшпелі халықтарының ат спорты ойындарына белсенді араласып, оны АҚШ аумағында насихаттап жүргендеріңіз бізді қуантады. АҚШ командасының көкпарда өнер көрсетуі есте қаларлық оқиға болады деп ойлаймыз», – деді министр Ермек Маржықпаев.

Кездесуде Туризм және спорт министрі АҚШ-тан келген қонақтарды 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасын іске қосу рәсіміне қатысуға шақырды. Ал делегация өкілдері родео спортын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрме қойылымдары бағдарламасына енгізуді ұсынды.

Астана қаласында 2024 жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ойындарға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда (2014 жылы) өтіп, кейінгі екеуі де (2016 және 2018 жылдары) осы елде ұйымдастырылды.
Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті.

Сондай-ақ оқыңыз