Жаңалықтар

Депутат жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 %-ын ғылымға бөлуді талап етті

Депутат жер қойнауын пайдаланушылар табысының 1 %-ын ғылымға бөлуін талап етті. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Алайда отандық ғылымды дамыту үшін бұл қаржы жеткіліксіз.  Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Мәжілісменнің сөзінше, ғылымы дамыған елдер ғана топ жарып, экономикасы қарыштап дамып жатыр.  Бұл тұрғыда Қазақстанда ғылымға қаражат тым аз бөлетінін алға тартты. Депутат білімді адамдардың шетел асып кетуінің бірден-бір себебі де осы деп отыр.

«Отандық ғылымға бөлінетін қаражат «жетім қыздың жүгіндей» болып тұр. Ғылымға жауаптылардың «жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызы ғылыми зерттеулер мен өндіріске жұмсалса» деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ғылым жыл сайын тек бюджетке алақан жоюға мәжбүр», – деді ол. 

Депутаттың дерегінше, биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Ал 2025 жылы – 242,6 млрд теңге, 2026 жылы – 259,5 млрд теңге. Алайда бұл қаржы елдің ғылымын аяққа тұрғызып дамыту үшін жеткіліксіз.  Нартай Сәрсенғалиев бұл мәселені бюджетке қол салмай-ақ шешудің тәсілі бар екенін айтты.

«Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруге тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана.  Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек»,  – деді. Алайда қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ», деп наразылығын білдірді.

Депутат қазақ ғылымын дамытуға ақшасының 1 %-ын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келгенін айтты.  Мәжілісмен бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс тастады.

«Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек. Бұл компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз  қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануға тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет. Бір пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген қаржыны орталықтандырудың тетігін іздеуі керек. Сол үшін  арнайы қор құру қажет», –деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Айрықша назар ғылымға бөлінеді

Айта кетейік экс-премьер-министр Әлихан Смайылов ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын талқылау үшін 2023 жылдың соңында Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын өткізген еді. Отырыста ғылым, білім жүйесі мен инфрақұрылымға қатысты 80-ге жуық көрсеткіш қамтылған. Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ғалымдарға жағдай жасау туралы тапсырма берген.

Демек 2024 жылы осы бағытта біраз іс атқарылады деген сөз. Смайыловтың сөзінен соң Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға қатысты алты басым бағыт әзірленгенін жеткізді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздікке баса назар аударылмақ. Сонымен қатар «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді.

Алдағы жылдары ғылымға 640 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге жас ғалымдарды қолдау механизмдері де іске қосылып жатыр. Оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдау механизмдерінің көмегімен үй алу бар. Былтыр жыл соңында «Отбасы банкпен» бірлесіп, қанатқақты жоба да басталған еді. Яғни мыңға тарта жас ғалымға жеңілдетілген шарттармен үй алуға мүмкіндік беріледі. 

2020 жылы 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі 38 пайыз болған. Бүгінде бұл көрсеткіш 46 пайызға жетті. 2029 жылға дейін ғалымдардың санын 1,5 есе арттыру жоспарланып отыр.

Бұған дейін Президент еліміздегі ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр деп мәлімдеген еді. Кейінгі бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артқан. Алайда ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар.