Қазақстан мен Қатар құны 17,6 млрд доллар болатын жаңа инвестжобалар жасауға келісті

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мен Қатар құны 17,6 млрд доллар болатын жаңа инвестжобалар жасауға келісті / primeminister.kz

Қазақстан мен Қатар энергетика және ауыл шаруашылығы секторын дамытуға құны 17,6 млрд доллар болатын инвест жобалар бастайды. Бұл туралы Қатарға ресми сапары кезінде Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов айтты.

Дохада Олжас Бектенов Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен, Қатар премьер-министрі — сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдурахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізді.

«Қатар — Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды экономикалық серіктесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтар біздің инвестициялық ынтымақтастығымызды сапалы жаңа кезеңге шығарады. Біз бұрын-соңды болмаған қомақты сома 17,6 млрд долларды құрайтын ауқымды және стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру алдында тұрмыз», — деді кездесуде Бектенов.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекетінің үкіметтері арасында негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойылды. Ірі инвестициялық жобалардың ішінде:

  • жалпы сомасы шамамен 5,7 млрд доллар болатын газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі жобалар. Оларды іске асыру ішкі нарықты толықтыруға және тауарлық газдың экспорттық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді;
  • Қазақстан өңірлерін газбен жабдықтауды дамытуға, ірі кәсіпорындар мен солтүстік облыстардың тұрғындарына табиғи газ жеткізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жалпы сомасы шамамен 7,7 млрд доллар болатын «Ақтөбе — Қостанай» магистральдық газ құбырының және «Бейнеу — Бозой — Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу жөніндегі жобалар;
  • Қазақстанның ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы шамамен 2,7 млрд доллар болатын қуаты 1 100 МВт бу-газ қондырғысы негізінде электр стансасын және 350 МВт-тық су электр стансасын салу жөніндегі жобалар;
  • сондай-ақ бидай, бұршақ және сүтті терең өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар.

Тоқаевтың Қатарға сапары

Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын бірлесіп салатын болды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге келді.  Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.

Сондай-ақ оқыңыз