Алматыда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсмологиялық бақылау және зерттеу Ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевпен кездесті.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, Дәулет Сәрсенбаев ғылыми орталықтың ағымдағы қызметі туралы есеп берген.
Ол президентке 2023 жылы қала аумағында орналасқан 16 сейсмикалық станцияның 11-і үшін 527 млн теңгеге жабдық сатып алынғанын, 2021-2023 жылдарға арналған нысаналы қаржыландыру бағдарламасының арқасында 25 бақылау пункті ашылғанын, халықаралық ынтымақтастық аясында 10 жаңа станция ішінара жаңғыртылып, 6 жаңа станция ашылғаны жайлы мәлім еткен.
Өз кезегінде Тоқаев сейсмикалық қауіпсіздік халықтың, экономика объектілері мен қоршаған ортаның қорғалу жағдайына әсер ететін, елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі факторы екенін атап өткен. Ол сейсмологтардың біліктілігін арттыру және алдын-ала ескерту жүйелерін енгізуге қатысты бірқатар мәселелерді көтерген.
Тоқаев ғылыми орталыққа жер сілкінісін болжаудың ғылыми әдістерін әзірлеу және қолдану бойынша маңызды міндеттер жүктелетінін атап өтті. Президент ғылыми зерттеулерді дамыту және орталықтың жұмысында инновациялық технологияларды қолдану қажеттігін ескере кетті.
Осыған дейін Алматы қаласы тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы ескерту жариялауға арналған технологияға 475 млн теңге бөлінгенін жазған едік. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
Әкімнің сөзінше, қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде хабардар етуге 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясы пайдаланылады.
«Алматы қаласы әкімдігі пилоттық режимде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында осы жылдың мамыр айының соңына дейін 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, «Mass Alert» қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлауда», – деді Досаев.
Алматыдағы жер сілкінісі
Айта кетейік, 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде дабыл қағу технологиясы жер сілкінісі тоқтағаннан кейін қағылған еді.
4 наурыз сағат 11:22-де Алматыда қатты жер тербелісі болып, халық дүрлігіп қалды. Бұл туралы Алматының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан.
Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2. Магнитудасы MPV 6.1. Жер сілкінісінің координаталары – 42,93° солтүстік. 76,96° шығыс Тереңдігі 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл.
Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.