Алматыда төтенше жағдайлар туралы ескерту технологиясына 475 млн теңге бөлінген

Жарияланды
Алматыда төтенше жағдайлар туралы ескерту технологиясына 475 млн теңге бөлінген / коллаж kursiv.media

Алматы қаласы тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы ескерту жариялауға арналған технологияға 475 млн теңге бөлінген. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Әкімнің сөзінше, қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде хабардар етуге 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясы пайдаланылады.

«Алматы қаласы әкімдігі пилоттық режимде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында осы жылдың мамыр айының соңына дейін 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, «Mass Alert» қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлауда», – деді Досаев.

Осы отырыста Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов жер сілкінісін кез-келген төтенше жағдай сияқты алдын-ала болжау мүмкін емес екендігін айтты. 

Министрдің сөзінше, азаматтардың арасында урей болдырмау үшін жер сілкінісі және одан әрі халықтың әрекеттері бойынша хабардар етуді бастаған. Сөйлеу дабылы, сирена және жергілікті объектілер жүйелері тартылып, теле, радио каналдары арқылы жеткізу жүзеге асырылған.

Алматыдағы жер сілкінісі

Айта кетейік, 4 наурызда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде дабыл қағу технологиясы жер сілкінісі тоқтағаннан кейін қағылған еді.

4 наурыз сағат 11:22-де Алматыда қатты жер тербелісі болып, халық дүрлігіп қалды. Бұл туралы Алматының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2. Магнитудасы MPV 6.1. Жер сілкінісінің координаталары – 42,93° солтүстік. 76,96° шығыс Тереңдігі 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл.

Алматыда жер сілкінісі дабыл неге қағылмаған?

Осыған дейін 24 қаңтарда болған жер сілкінісі кезінде Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтқан

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.

25 қаңтарда Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңесте президент жер сілікінісі кезінде дабыл қағылмауын дұрыс шешім деп бағалады

«Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын, – деді президент. 

Алматыда бұған дейін 5 балдық жер сілкінісі 23 қаңтарда болған. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді.

Сондай-ақ оқыңыз