Криптовалюта нарығы қазір кеңейіп келеді. Сондықтан осылай табыс табатындардың саны ғана емес, пайдаға кенелудің де түрі көбейді. Тіпті тегін алуға болатын кейстер де бар. Яғни аирдроп деген не? Ол не үшін керек? Токен таратудың қандай тәсілдері бар? Бүгін осы тақырыпты қозғаймыз.
Аирдроп деген не?
Аирдроп (airdrop) дегеніміз — жоба қолданушыларына токен тарату. Ол компанияға не үшін керек? Әдетте жаңа клиент тарту үшін осындай маркетиң тәсілі қолданылады. Сонымен бірге бұрыннан бар клиенттердің лоял болуы үшін де жасалатын қадам. Оны алу үшін компания белгілі бір тапсырмалар беріп отырады. Соны орындаған адамға сыйақы ретінде токен береді. Тапсырманың неше түрі болады, бір-біріне ұқсамайды.
Токен тарататын сәтке кездейсоқ түсіп қалуыңыз да, сізді арнайы қосу да мүмкін. Бір қызығы, аирдропты кейде құпия түрде өткізуі мүмкін. Әрі көбіне шарттарын жарияламай тұрып жасайды. Не істеу керегін енді қолданушы өздігімен қосылып қатыса алмайтындай болған кезде ғана айтады. Әйтпесе, тек пайданы ойлап кететіндер толып кетуі мүмкін. Осындай «сарқытты» аидроп-хантерлер аңдып отырады. Себебі сыйақысы өте жоғары болып қалуы бек мүмкін. Десек те, тегін берілетін токен тарату кезінде сыйақы азғантай болады. Себебі тапсырмасы да соған сай. Мысалы, әлеуметтік желідегі парақшаға жазылуды немесе жоба туралы пост жазуды тапсыруы мүмкін. Ал орындалуы қиын болған сайын тігілетін сыйлық та қымбаттау бола түседі. Яғни қатысу үшін токен алып, комиссия төлеуді сұрауы мүмкін.
Аидроп түрлері
Ретродроптар (ретроактив аирдроптар). Бұл бұрыннан бергі қолданушыларға беріледі.
- Биржалар өз токенін жарыққа шығарған соң біршама бөлігін бұған дейін әлдебір операциялар жасаған қолданушыларына береді;
- Натив токен шығарған блокчейн-жобалар транзакция жасағаны үшін береді;
- Ойын жобалары ойынға қатысқандарға немесе NFT сатып алғандарға береді;
Айтқандай, шарттар әр түрлі болады. Оны әр жоба өзі шешіп, ойластырады. Мұндай дропқа тап болу оңай емес. Десе де, егер тап болсаңыз, жолыңыздың болғаны. Сол себепті хантерлер қандай жобалар осындай сарқыт таратуы мүмкін екенін ойластырып, басқа жобалардың жасағанына талдау жасай отырып түрлі операция, транзакция жасайды. Бір айта кетерлігі, мұндай дропқа ешкім тегін қатыса алмайды. Өйткені кемінде операция жасағаныңыз үшін комиссия төлейсіз.
Холдерлерге арналған аирдроптар
Криптовалюта ұстайтайтындар натив токен сатып алып, сақтағаны үшін қосымша активтерге ие болады. Мұндай сарқытты жаңа қолданушылар тартып, криптовалюта сатып алуға ынталандыру үшін жасайды.
Баунти-аирдроптар
Дроптардың ішіндегі ең қарапайым әрі пайдасы ең аз түрі. Қатысқыңыз келсе, бар болғаны жеңіл тапсырмаларды орындауыңыз керек. Мәселен, әлеуметтік желідегі парақшаға жазылып, репост жасау деген сынды. Ол үшін ақша құртпайсыз. Аларыңыз да аз болады.
Эксклюзив аирдроптар
Мұндай сарқытты ірі жобалар өткізеді. Ондағы басты себеп — көп сатып алатын, тәжірбелі қолданушыларды тарту.
Хардфорктар
Хардфорк кезінде блокчейн бірнеше түрге бөлінуі мүмкін. Сөйтіп оригинал токені барлар өзіндегі токен санына тең жаңасын алады. Егер желі мықтылап жаңарды дегенді естіп қалсаңыз, құлақ түре жүріңіз. Себебі жаңарған кезде өзгерістер ескі қолданушылардың көңілінен шықпай, шу болуы мүмкін. Сөйтіп ондай кезде жақсы атты болу үшін сарқыт қып таратуы мүмкін.
Аирдропты қалай іздейміз?
Еш тарихыңыз болмаса, қарапайым аирдроптарды интернеттегі жаңалықтардан, осы туралы жазатын қауымдастықтардың чатынан табуға болады. Айталық, телеграмда хантерлерге арналған канал көп. Сонымен қатар тапсырмалар топтамасы бар, сол үшін сыйақы беретін сайттарды қарап отыру қажет. Солардың бірі — DropsEarn. Бұл жерден актуал дроптар мен оларға қатысу үшін қойылатын шарттарды таба аласыз.
Хардфорктар туралы жаңалықтан табуға болады. Сондықтан криптовалюта жайлы жазылатын қауымдастықтарға қосылып алған жөн. Холдерлер тарататыны туралы ақпаратты да осылай іздейсіз. Ал ретродроптарға келсек, оның өткізілетініне қатысты 100% ықтимал ақпарат болмағандықтан, оны іздеу де қиынға соғады. Ретрохантерлер каналы арқылы, болмаса өіңіз ресерч жасап іздеп көруіңізге болады. Сонымен бірге Airdrops.io сайтын шолып шығып, сол жерден қатысу шарттары бар гайдтарды қарап көріңіз. Ретродроптар әлі натив токенін шығармаған жобаларда болатындықтан, егер сондай жоба тапсаңыз, онда үстінен түсуіңіз ғажап емес. Дроп жасап қалуы мүмкін жобалар жайлы ақпарат Defi Llama-да жинақталған.
2024 жылы қандай аирдроптар болуы мүмкін?
Интернетте осындай ықтимал ақпарат шығып тұрады. Әлбетте, нақты өте ме, жоқ па — кепілдік жоқ. Осыны есте ұстау керек. Десе де, анализ жасап, шолып отырған артық болмасы анық. Мысалы, CoinGecko аналитиктері 2024 жылы өткізілуі мүмкін 16 жеке токен сарқытының тізімін әзірлеген. Назарыңызға ұсынамыз:
Ambient
Бұл — Ethereum базасындағы DEX. 2023 жылғы 19 желтоқсандағы деректерге сүйенсек, биржадағы жалпы сауда көлемі 100 миллион доллардан асып жығылған. Жоба бұған дейін өз Twitter парақшасында натив токен жасалып жатыр дегенге саятын туит жариялаған. Қатысу үшін лимит ордерлер шығарып, суоптар өткізіп, биржаға қатысып отыру керек.
Scroll
Бұл — мүлдем айтылмай, құпияда ұсталатын түрі. Ethereum ауқымын кеңейту үшін қолданушылардың құпиялығын сақтап отырып өткізіледі. Жоба өз токенін шығаруы мүмкін. Бұған дейін Arbitrum мен Optimism солай қылған. Scroll альфа-тестнетке шыққан кезде әмияныңызды жалғап, қатысып көрген жөн. Сол арқылы Scroll гильдиясына қосылып, сынақ желісіндегі Uniswap нұсқасын пайдаланып көруге болады. Сонымен қатар мұндағы өзге де dApps-ты зерттеп көруге мүмкіндік пайда болады.
Taiko
Бұл — Ethereum-дағы қолданбалармен сәйкесетін ZK-Rollup. Жобаның whitepaper-інде TKO токенін енгізетіні туралы жазылған. Ол блоктарды тексеретіндерге сыйақы беру үшін қолданылады. Alpha-3 тестнеті іске қосылған соң ұпайлар жинап, кейін оны сыйақыға айналдырып алуға болады. Тестнетке қатысып, Taiko Galxе бетінде шығатын тапсырмаларды орындап отыру керек.
EigenLayer
Бұл — Ethereum бағдарлама жасақтамасы. Токен жасайтыны туралы еш ақпарат шыққан жоқ. Бірақ жоба алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, қауіпсіздігі арттыру үшін дайындап қалуы бек мүмкін. Аирдропқа қатысуға шанс алу үшін rETH немесе stETH-тің тестнетіне, болмаса EigenLayer-дің негізгі желісіне стейк жасау қажет. Шама келсе, тұрақты істеп отыру керек. Себебі сыйақы бергенде қаншалықты жиі жасағаныңыз есепке алынады.
Renzo
Рестейк жасауға мүмкіндік беретін EigenLayer хаттамасы. Платформада Renzo ezPoint деген балл жүйесі қосылған. Ұпайлар экожүйе қатысушыларына минтинг жасап, ezETH сақтағаны үшін беріледі. Сонымен қатар Renzo шотына ETH салып отыратын қолданушыларын тарту үшін де жасалып отыр. Бір сағат ішінде бір ezETH ұстап қалсаңыз, бір ұпай береді. MetaMask. Бұл — ең танымал әмияндардың бірі. 2022 жылдың наурызында DAO арқылы басқарылатын токен шығаратын жоспары бар екені расталған еді. Оны аирдроп арқылы тарата ма, жоқ па — белгісіз. Дроп өткізілетін болса, оған қатысып қалу үшін үшін әмиянның функцияларын қолдануға болады. Мәселен депозитке салу, токен алу, алмастыру, әмиянды dApps-қа қосу, блокчейндер арасында токендерді аудару үшін көпірді қолдану, ликвидті стейкинг секілді қадамдар жасап отырыңыз.
LayerZero
Бұл — омничейн-хаттама. Жасаушылар 2024 жылдың алғашқы жартысында аирдроп жасайтыны туралы ақпарат таратқан. Әрине, шарттарын атаған жоқ. Бірақ хаттама базасындағы жобаларға қатысып көруге болады. Мысалы STG токендерін орналастырып, Stargate жобасындағы DAO-ға дауыс беру секілді қадамдар жасап көріңіз. Сонымен қатар Aptos bridge-ді қолдануға болады.
Starknet
Бұл — еш жерде жарияланбайтын екінші деңгейлі шешім. 1,8 миллиард STRK токені орналастырылатыны туралы хабарландыру жасалған еді. Шарттары айтылмады. Бірақ Starknet Argent X әмиянын орнатып, Starknet-ке ақша аударып, негізгі желідегі dApps-пен жұмыс істеп отыруға кеңес береміз.
zkSync
Бұл — еш жерде жарияланбайтын екінші деңгейлі шешімнің бірі. Ethereum ауқымын кеңейтуге қатысты мәселелерді шешу үшін шығарылған. Жоба құжаттамасында натив токен жасау туралы жоспары бары жазылған. Аирдроп жасала қалса, сыйақы алып қалу мүмкіндігін арттыру үшін экожүйеде жұмыс істеп, ликвидтікті көрсетіп отыру қажет.
Fuel
Модульді блокчейн-платформа. Екінші деңгейлі блокчейннің біразы сарқыт таратқандықтан, Fuel де солардың ізімен өткізіп қалуы мүмкін. Ондай сәтке тап болу ықтималы арту үшін жоба экожүйесін пайдаланып жүріңіз.
marginfi
Бұл — Solana-дағы орталықтандырылмаған кредиттеу хаттамасы. Платформада mrgn ұпайлары берілетін жүйе бар. Сол арқылы олар жүйемен кімнің қалай жұмыс істейтінін бақылап отырады. Аидроп өткізілмеген, бірақ болып қалуы бек мүмкін. Ұпайларды жүйе marginfi-де депозит ашып, қолданушы шақыру арқылы алуға болады. Қолданушылар сіз шақырған соң қосылса, оның 10 пайызын сізге береді.
Quai Network
Proof-of-Work пен шардиңді біріктіретін блокчейн желісі. Әлеуметтік желіде белсенді болғандарды жоба ынталандырып отырады. Тапсырмаларды орындағандарға Quai токені беріледі. Сарқыт әлі жасалмады. Бірақ негізгі желісі жарыққа шыққан соң жасалуы әбден мүмкін.
Thetanuts Finance
Бұл — опциялық келісімшарттармен сауда жасағанда табыстылық генерациясын жасап отыратын хаттама. Токен шығарады деген жоспары жария айтылмады. Бірақ бола қалса, платформаның қоймасына ақша салу секілді шарт қоюы мүмкін.
Atlendis
Кепілсіз криптозаймерлерге арналған платформа. Дроп туралы ақпарат жоқ. Бірақ стейкингке активтер салып көрсеңіз болады.
Shardeum
EVM-мен сәйкесетін сегменттелген блокчейн. Жоба болашақтағы токенінің жалпы ұсынысының 5 пайызын аидропқа бөлмек. Әзірге токен шыққан жоқ. Тестнетке қатысып, транзакция жасап көруге болады. Бұл желіні MetaMask-қа қосуға болады.
ZetaChain
Бұл — омничейндегі хаттама. Сынақ желісі жарыққа шығып қойды. Бірақ әзірге токен жоқ. Алдағы уақытта болып қалу ықтималы жоғары. Белгілі бір қадамдар жасағаны үшін қолданушыларға балл беріледі. Кейін олар сыйақыға айналып кетуі мүмкін. Мұндай ұпай алу үшін токендерді жіберіп, суоп жасау керек. Сонымен бірге сынақ жасайтын жаңа қолданушылар тартқанына да беріледі.