Гүлбану Майғарина: Қазақстанның мейрамхана нарығында бәсекелестік күшейіп келеді

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанның мейрамхана нарығында бәсекелестік күшейіп келе жатыр/

Гүлбану Майғарина 2018 жылы Lanzhou мейрамханалар желісінің алғашқы нүктесін ашқан болатын. Содан бері бұл бизнестің аясы жыл санап кеңейе берді. Қазір 70 мейрамхана біркелкі стандартпен жұмыс істеп тұр. Кәсіпкердің айтуынша, мейрамхана бизнесі тұрақты дамуы үшін тұтынушыға әрдайым сапалы әрі бағасы қолайлы тамақ ұсынуы тиіс.

Фото: жеке мұрағаттан

«Курсив» тілшісі кәсіпкерден мұндай ірі мейрамхана бизнесін жүргізудің жай-күйі, пандемия мен инфляцияның қоғамдық тамақтану саласына ықпалы туралы сұраған еді.

– Lanzhou желісінің табысты бизнеске айналғанына көзіміз жетеді. Тиісінше қызметкерлер де, клиент аудиториясы да артты. Бұл жағдай кәсіптің екінші тынысын ашуға, жаңа бір кезеңге өтуге жетелейтін сияқты. Осындай аралық кезеңдерде жаңа тәуекелдер, жаңа қиындықтар туындап жатыр ма?

– Өскен сайын бизнесті ұстап тұру – өте қиын. Бизнес ауқымы кеңейген сайын стандарттарды да қайта қарауға тура келеді. Кәсіптің өсуі сенің табысыңның да өсе беретінін білдірмейді. Кеңею арқылы сен табысты емес, капитализацияны арттыра аласың, бренд құнын өсіресің. Егер қазір мейрамханаларымның біразын жауып, тек үш-төртеуін қалдырсам, онда менің табысым қазіргіден де көп болар еді. Өйткені 70 мейрамхананы ұстап, олардың әрбірінің ісін дөңгелетіп тұру, қадағалап отыру оңайға соқпайды. Қазір алыс шетелдер нарығына, соның ішінде АҚШ нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ол жақтың стандарттары мүлде басқа. Ол жаққа мүлде басқа дайындықпен бару керек. Жақында Дубайға барып келдім. Ол жақтың да талап-шарттары бізге ұқсамайды.

«Бізден шығып басқа мейрамханаға барып, қайтадан оралып жүргендер қаншама»

– Бес жыл бұрын қандай қиындықтар туды? Тағы бір бес жылдан кейін қандай тәуекелдер туындауы мүмкін деп ойлайсыз?

– Алдымызда тұрған ең басты қиындық – кадр тапшылығы. Бұрын дайын адамдарды жұмысқа алсақ, енді кәсіп ауқымы кеңейгелі бері корпоративті оқыту аясында мамандарды өзіміз тәрбиелеп, нарыққа араластырып жатырмыз. Көбі жұмыс істегісі, қиындау шаруаларға икемделгісі келмейді. Оларды мейрамхана бизнесі ісіне бейімдеу де оңайға соқпайды. Бірақ бір үйреніп кетсе, бізге де, өзіне де пайдалы болмақ. Егер осылай кете беретін болса, енді бес жылдан кейін тамақ дайындайтын, кофе қайнататын маман таппай қалуымыз әбден мүмкін. Себебі еңбек құндылығы қатты төмендеп кетті. Бізден шығып басқа мейрамханаға барып, қайтадан оралып жүрген мамандар қаншама. Бұл мәселені жалғыз шеше алмаймыз. Бұған мемлекеттік тұрғыда стратегия керек.

«Егер білімді жақсылап игерер болсақ, бизнесті қазіргіден де көркейтіп жіберуші едік»

– Сіздіңше еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі проблемасы қандай?

– Біздің бизнесіміз 5 мемлекетте жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, шет мемлекеттерге де жиі шығамын. Сонда байқағаным – бізде шағын және орта бизнестің дамуына жағдай өте жақсы жасалған. Мысалы, бөлшек салық енгізілді. Бұл да бізге үлкен көмек. Бізге дәл қазір көп оқып, көп іздену керек болып тұр. Қазақстандағы бизнес өте жас. Егер білімді жақсылап игерер болсақ, бизнесті қазіргіден де көркейтіп жіберуші едік. Негізі Қазақстанда ақша табамын, өмірімді жақсы қырына қарай өзгертемін, мақсатыма жетемін деген адам үшін не қажеттінің бәрі бар. Бірақ халықтың басым бөлігінде күту психологиясы қатты қалыптасқан. Өзіме көмектесейін демейді, біреу маған көмектессе екен деп отырады. Қазіргі уақытта қызметкерлеріміздің біліктілігін арттырып, кәсібиліктерін шыңдау үшін оларды оқытуға әркез көңіл бөліп отырмыз.

Енді мынадай мәселе алдымыздан көлденеңдеп шықты: біз оқытып, тәрбиелеген мамандарды басқа ұжымдар жоғары жалақы ұсыну арқылы алып кетіп жатыр. Lanzhou-да істедім деген мамандарды басқалар стажировкасыз қабылдайды. Бастапқыда бұл бізді ойландыратын еді, кейін жеңіл қабылдайтын болдық. Біріншіден, адамдардың жұмысқа келіп, жұмыстан кетуі өмірлік қалыпты құбылыс болса, екіншіден, табысы жоғарылап, өсіп жатқанына жағдай жасадық қой, себепкер болдық қой деп қуанамыз. Яғни осы арқылы мемлекетке, еңбек нарығына өз септігімізді тигізіп жатырмыз деген сөз. Кейде қызметкерлердің кетіп қалатынына ренжитін менеджерлеріме де осы ойды сіңіріп, түсіндіремін.

«Қазір дағдарыс жағдайында жұмыс істеуге, дағдарыс жағдайында жүріп жетілуге бейімделдік»

– Пандемия, одан кейінгі геосаяси жағдай сіздің кәсіпке қандай да бір салқынын тигізді ме? Жалпы, мейрамхана бизнесі қандай жағдайларда тым сезімталдық танытады?

– Пандемия 5-10 жылдан кейін шығуы тиіс проблемаларды дереу шығарып жіберіп, алдымызға тосты. Бұл бір жағынан қиын, бір жағынан дұрыс та болды. Цифрландыру үдерісі қатты жүрді, бәсекелестік артты, мемлекеттің бизнеске деген көзқарасы өзгерді. Кез келген игілік дағдарыс арқылы келеді. Бұрын дағдарыс өтеді, сосын дұрысталамыз деп ойласақ, қазір дағдарыс жағдайында жұмыс істеуге, дағдарыс жағдайында жүріп жетілуге бейімделдік. Бұл бізді одан әрі дамытты. Мейрамхана нарығындағы бәсекелестік те күшейіп келе жатыр. Көрші елдерден көптеген жоба келе бастады. Тиісінше біз де сәл басқашалау жұмыс істеуге көштік. Өзімізде өндіріс аз, сол себепті көптеген шикізатты сырттан сатып алуға мәжбүрміз, сәйкесінше біресе доллар бағамына, біресе сыртқы ахуалдарға тәуелді болып қаламыз.

–– Соңғы кездегі қымбатшылық, инфляция сіздің мейрамхана қызметіне қаншалықты әсер етті?

– Өте қатты әсерін тигізді. Инфляция 20 пайызға дейін өскен кезде, біз де бағаны 20 пайызға дейін көтерген жоқпыз. Ары кеткенде 5-7 пайызға ғана қымбаттады. Біз бағаны көтеретін болсақ, клиенттерден айырылып қалатын едік. Себебі олардың табысы 20 пайызға дейінгі қымбаттаған тамақ құнын төлеуге жеткіліксіз. Барлық нәрсе қымбаттады. Біз ғимаратын жалға алып отырған жалға берушілер бағаны 30, тіпті 40 пайызға өсіріп жіберді. Бұл да ауыр тиді. Жұмысымызға аса қажетті өнім түрлері тым қатты қымбаттады. Мәселен, бізге қарағанда Ресейдің ұны арзан. Әсіресе, қымбатшылық Алматыдағы мейрамханаларымызға қатты сезілді. Дегенмен бұл ретте айта кетерлігі біздің пайдаланатын шикізатымыздың басым бөлігі – өзімізде өндірілген өнімдер. Ұн да, май да, қант та, тұз да, ет те өзіміздікі. Тек арнайы дәмдеуіштерді ғана сырттан алдырамыз.

«Жәй ғана лапша бағасының өсуі тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді»

– Қазір елімізде қосымша құн салығы (ҚҚС) мәселесі әлі екіұдай күйде тұр. Бұрынғы үкімет бұрын ҚҚС-ты 12-ден 16 пайызға көтеруді ұсынды. Алайда Президент бұл бастаманы мақұлдамады. Сіздің кәсіпке бұл салық қалай әсер етеді?

– Біз тек тамақ жасап қоймаймыз ғой. Жиһаз бизнесіне де, тоқыма өнеркәсібіне де, құрылыс материалдарына да қатысымыз бар. Яғни аралас салалардың дамуына негіз болып отырмыз. Ал қосымша құн салығы көтерілген кезде олардың да қызмет көрсету бағасы көтеріліп кетеді. Май жеткізушілер де, ұн жеткізушілер де ҚҚС төлейді. Сонда бізде ҚҚС-тың өсуі өнімнің өзіндік құнының автоматты түрде көтерілуіне алып келеді. Сәйкесінше, біз де осы ҚҚС-ты өнімнің ақырғы құнына қосуға мәжбүр боламыз. Жәй ғана лапша бағасының өсуі тұтынушының қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан Мемлекет басшысының бастаманы мақұлдамауы шағын және орта бизнеске үлкен көмек болды.

– Мейрамхана қай елдерде жұмыс істейді және алдағы уақытта тағы қандай нарықтарға шығуды жоспарлап отырсыз?

– Қазір Ресейдің Киров қаласындағы мейрамхана жұмысын бақылап отырмыз. Сонымен қатар серіктестеріміз Lanzhou-ды Дубайдан да ашуға ниетті. Ең үлкен мақсатымыз – мейрамханамызды Америкада ашу. Әрине, мұның жауапкершілігі мен салмағы өте ауыр. Үлкен жұмысты қажет етеді. Қазақстанда жеке кәсіпкерлік ашсаң болды, жұмыс бастай бересің. Ал құрама штаттарда мүлде басқаша. Кіру бағасы да жоғары. Бізде 100 мың доллармен нарыққа кіріп, шағын кафе ашып жұмыс істей беруге болады. Ал АҚШ-та ондай бағамен мейрамхана бизнесін бастау мүмкін емес. Дегенмен бізде тәуекел бар, ниет бар, бұйыртса АҚШ нарығын да бағындырамыз деп ойлаймын. Осы реттегі ең басты мақсатымыз – IPO-ға шығу. Ол да үлкен жұмыс қой. Сондықтан дәл қазір бұл бастамаға орай кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз.

– Рақмет!

Сондай-ақ оқыңыз