Жаңалықтар

БҰҰ Бас ассамблеясы жасанды интеллектіні реттеу жөнінде қарар қабылдады

БҰҰ Бас ассамблеясы жасанды интеллектіні реттеу жөнінде қарар қабылдады/shutterstock

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы бірінші рет жасанды интеллектіні реттеу жөнінде қарар қабылдады. Бұл туралы дүниежүзілік ұйымның сайтында жазылған. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд әлем елдері жасанды зерденің адамдарды басқаруына жол бермеу туралы шешім қабылдағанын айтты.

Құжат 21 наурызда қабылданған. Қарар қабылдау туралы ұсынысты АҚШ жасаған. Ал 120 мемлекет бірлескен авторы болды.

2023 жылдың күзінде Президент ЖИ-ді нормативтік тұрғыда реттеу қажет екенін Digital Bridge форумындағы баяндамасында айтып өтті. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдайды.  

«Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін», – деді Президент.

Жасанды интеллект қоғамның барлық саласында қолданылады

Жасанды интеллект кейінгі жылдары қоғамдағы түгел дерлік салада қолданылатын құрал болып кетті. Оның ішінде қаржы саласында алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізілді. Алдағы уақытта бұл тренд жалғаса беретін сыңайлы.

Машинаны үйрететін және нейрон желілерінің алгоритмдерін қолдана отырып компаниялар нарықтағы трендтерге болжам жасап, шешім қабылдағанда тәуекелдерді таразылайды. Бұл тұрғыдан қарағанда жасанды интеллектінің әжептәуір көмекші екенін білуге болады. Әйтсе де, саладағы сарапшылар қауіптің де жоқ емесін айтып, дабыл қағады. Соның ішінде роботтар болашақта адамдардың орнын басып, жұмыс орындарын жоқ қылады деген болжам жиі айтылады. Аталған тақырыпта «Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін?» деген материалымызда жазғанбыз. Бүгінгі күні жасанды интеллекті қаржы және инвестиция саласымен де біте қайнасып жатыр.  

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақ тіліндегі жасанды интеллект жасап шығу ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе екенін айтты.

Қазіргі таңда Назарбаев университет пен Қазақ тілі қоғамы жасанды интеллектің қазақ тілінде болуы туралы жобаларды бастаған. Министрлік әртүрлі ұйымдар мен жобалардың басын қосып, оларды бір жүйеге келтіруді мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болатынын жазғанбыз. Сонымен қатар жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жасанды интеллекті енгізу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мусин. 

Осыған дейін, бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

ЦДИАӨ министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жарияланатынын мәлімдеген.