Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты.
Мемлекет басшысы терроризмді мүлде ақтауға болмайтынын, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.
Президенттің тапсырмасы бойынша, қажет болған жағдайда, Қазақстанның құқық қорғау органдары ресейлік әріптестеріне көмек көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Сонымен қатар Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашты.
Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде комуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған. 100 шақты адам жарақат алып, 40 адам қайтыс болған.
Қазіргі таңда Мәскеуге әлемнің түкпір-түкпірінен Ресей Президентіне көңіл айту мен лаңкестік әрекетті айыптау білдірген хабарлар келіп жатыр.