Тоқаев Мәскеуде болған терактіге байланысты қазақстандықтардың атынан Путинге көңіл айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев Мәскеуде болған терактіге байланысты қазақстандықтардың атынан Путинге көңіл айтты / Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу түбінде болған терактіге байланысты қазақстандықтардың атынан Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айтты.

«Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты», – делінген Ақорда хабарламасында.

Тоқаев бейбіт тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын, терроризмге қарсы күресте Ресеймен бірге екенін тағы да растады. Өз кезегінде Путин қолдау көрсеткені үшін Тоқаевқа алғыс айтты.

Айта кетейік, кеше болған терактіден бір тәулік өткеннен кейін Ресей президенті отандастарына арнап үндеу жасады. Ол «Крокус Сити Холлда» төрт лаңкестік әрекеттің барлығы табылып, ұсталғанын және олардың жасырынуға тырысқанын мәлімдеді.

«Тергеуге қатысты. Мынаны айтуға болады: барлық төрт адам ұсталды. Олар жасырыну үшін Украинаға қарай жылжыған. Шекарадан сол тұстан өтуді жоспарлаған. Қорғансыз адамдарды жаппай өлтірді. Олар нақты адам өлтіруді жоспарлаған», – деді Путин.

Бұдан бөлек, құтқарушылар, дәрігерлер мен өзге де қызмет өкілдеріне алғысын білдірген.

Мәскеу түбіндегі теракт

Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған.

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Владимир Путинге «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған.

Шабуылдың артында кім тұр?

Reuters ақпаратына сүйенсек, Мәскеудегі шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң «Ислам мемлекеті» террористік тобы шабуылды мойнына алғаны жөнінде хабар тараған. Басылым АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, террористік топтың шабуылға қатысы барын растаған. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін барлау деректерін Ресейге берген. «Ислам мемлекеті» Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әскери әрекеттері үшін кек алғысы келгені жазылған. 

Қазақстанның реакциясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді. 

Сонымен қатар Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашты.

Сондай-ақ оқыңыз