БҰҰ қауіпсіздік кеңесі көңіл айтты: Мәскеудегі терактіде қайтыс болғандар саны 60-тан асты

Жарияланды (жаңартылды )
стрельба
БҰҰ қауіпсіздік кеңесі көңіл айтты: Мәскеудегі терактіде қайтыс болғандар саны 60 асты / shutterstock

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

«Мен бұл ақпаратты естігенде қатты қайғырдым. Жағдайды бақылап отырмыз. Адам өліміне байланысты қайғырамыз және көбірек ақпарат алуға тырысамыз», – деді РИА Новостиге пікір білдірген БҰҰ Ресейдегі ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак.

Ресей тергеу комитеті «Крокустағы» терактіден 60-тан астам адам қаза болғанын хабарлады. Қаза болғандар саны артуы мүмкін. 100-ден астам адам жарақат алған. Ресей тергеу комитеті теракт туралы қылмыстық іс қозғады.

Шабуылдың артында кім тұр?

Ресейлік «Коммерсант» басылымы «террорлық шабуылға» Украина жағында соғысып жатқан «Орыс еріктілер корпусының» (Русский добровольческий корпус)  қатысы болуы мүмкін екенін жазды. Алайда корпус өзінің шабуылға қатысы жоқ екені туралы ақпарат жариялаған.

Бұдан бөлек, кейбір ресейлік саясаткерлер шабуылдың артында украин күштері тұрған болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған. Ресми Киев шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеген. АҚШ та шабуылға Украинаның қатысы жоғын мәлімдеді.

Reuters ақпаратына сүйенсек, Мәскеудегі шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң «Ислам мемлекеті» террористік тобы шабуылды мойнына алғаны жөнінде хабар тараған. Басылым АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, террористік топтың шабуылға қатысы барын растаған. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін барлау деректерін Ресейге берген. «Ислам мемлекеті» Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әскери әрекеттері үшін кек алғысы келгені жазылған.

Қазақстанның реакциясы

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов шабуылды қатаң түрде айыптайтынын айтты.

«Қайғылы жағдай біздің жүрегімізді ауыртты. Бұл ақтауға келмейтін қатыгез қылмысты қатаң түрде айыптаймыз», – деді Тасмағамбетов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев терроризмді мүлде ақтауға болмайтынын, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша Ресейде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламасы бойынша 32 қазақстандық, оның ішінде Мәскеуде 24 стипендиат білім алуда. Барлық стипендиаттар байланысқа шыіп, шабуыл кезінде ешкім зардап шекпегені хабарланды.

Сонымен қатар Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашты.

Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залындаатыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде комуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған. 100 шақты адам жарақат алып, 40 адам қайтыс болған. 

Қазіргі таңда Мәскеуге әлемнің түкпір-түкпірінен Ресей Президентіне көңіл айту мен лаңкестік әрекетті айыптау білдірген хабарлар келіп жатыр.  

Сондай-ақ оқыңыз