Терроризмге қарсы күресте Қазақстан Ресеймен бірге: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

Жарияланды (жаңартылды )
Терроризмге қарсы күресте Қазақстан Ресеймен бірге: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді / Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Жиын барысында құқық қорғау құрылымдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспары, сондай-ақ, экстремалды жағдайлардағы олардың қызметін үйлестіру мәселелері қарастырылған. 

Тоқаев ел азаматтарының қауіпсіздігін және терроризмге қарсы күрес мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Мәскеу түбіндегі теракт

Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған. 100 шақты адам жарақат алып, 40 адам қайтыс болған. 

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

«Мен бұл ақпаратты естігенде қатты қайғырдым. Жағдайды бақылап отырмыз. Адам өліміне байланысты қайғырамыз және көбірек ақпарат алуға тырысамыз», – деді РИА Новостиге пікір білдірген БҰҰ Ресейдегі ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак.

Қазақстанның реакциясы

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов шабуылды қатаң түрде айыптайтынын айтты.

«Қайғылы жағдай біздің жүрегімізді ауыртты. Бұл ақтауға келмейтін қатыгез қылмысты қатаң түрде айыптаймыз», – деді Тасмағамбетов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев терроризмді мүлде ақтауға болмайтынын, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша Ресейде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламасы бойынша 32 қазақстандық, оның ішінде Мәскеуде 24 стипендиат білім алуда. Барлық стипендиаттар байланысқа шыіп, шабуыл кезінде ешкім зардап шекпегені хабарланды.

Сонымен қатар Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашты.

Шабуылдың артында кім тұр?

Ресейлік «Коммерсант» басылымы «террорлық шабуылға» Украина жағында соғысып жатқан «Орыс еріктілер корпусының» (Русский добровольческий корпус)  қатысы болуы мүмкін екенін жазды. Алайда корпус өзінің шабуылға қатысы жоқ екені туралы ақпарат жариялаған.

Бұдан бөлек, кейбір ресейлік саясаткерлер шабуылдың артында украин күштері тұрған болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған. Ресми Киев шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеген. АҚШ та шабуылға Украинаның қатысы жоғын мәлімдеді.

Reuters ақпаратына сүйенсек, Мәскеудегі шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң «Ислам мемлекеті» террористік тобы шабуылды мойнына алғаны жөнінде хабар тараған. Басылым АҚШ барлау қызметіндегғі дереккөздеріне сүйеніп, террористік топтың шабуылға қатысы бары растаған. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін барлау деректерін Ресейге берген. «Ислам мемлекеті» Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әскериі әрекеттері үшін кек алғысы келгені жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз