Астанадан құны 10 млн теңгеден асатын насыбай өнімі бар жерасты цехы табылды

Жарияланды (жаңартылды )
насыбай, насвай
Астанадан құны 10 млн теңгеден асатын насыбай өнімі бар жерасты цехы табылды / Астана әкімдігі

Астанада құқық қорғау органдарының қызметкерлері рейд барысында 2 тоннадан астам насыбай өнімін тәркіледі. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада тыйым салынған темекі қоспасымен белсенді күрес жүріп жатыр. Елорданың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүріп жатыр. Рейдтік іс-шаралар апталығында елорданың бес ауданында 500-ден астам сауда орны тексерілді.

Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық фактісін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын анықтады.

Рейд барысында Байқоңыр ауданында полиция қызметкерлері насыбай өндіретін цехты тапты. Тәркіленген заңсыз өнімнің жалпы сомасы 10 млн теңгеден асады.

«Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері рейд барысында Омаров және Асан Қайғы көшелерінің қиылысындағы жеке үйде 2 тонна насыбай сақталғанын анықтады. Нәтижесінде заң бұзушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық өнім тәркіленді», – делінген хабарламада.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда ауызға насыбай салып жүруді барып тұрған мәдениетсіздік деп айыптаған еді.

«Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы, насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда электронды темекіге толық тыйым салынуы мүмкін.

Депутаттардың айтуынша, вейп пен электронды темекінің ұлт саулығына келтіретін залалы кәдімгі темекіден асып түспесе, кем емес. Сондықтан оған болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін заңнамалық шаралармен қарсы тұратын уақыт жетті.

Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, партиялықтар бұған дейін де жаңа жаман әдетке қарсы күресу үшін Үкіметке бірқатар жүйелі іс-шара ұсынған болатын.

«Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Ол электронды темекінің бәріне қолжетімді және оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнаманың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерінің, Прокуратураның, «Атамекен» ҰКП және басқа да мекемелердің өкілдерімен жан жақты талқыладық», – деді Ж.Сүлейменова.

Жақында сенаторлар вейп пен электронды темекі сатуға тыйым салатын заң жобасын бірден екі оқылымда қарады. Депутаттар заңның өзін бекіткенімен, кейбір баптарын қайта қарау үшін Мәжіліске кері қайтарды.

«Бас комитет заңның жекелеген баптарын мақұлдамады, көрсетілген баптарын жаңа редакциясы мен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынып отыр. Осыған орай салыстырмалы кестеге үш түзету енгізілген», – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Ал сенатор Айнұр Арғынбекова аталған заң жобасы қоғамда қызу талқыға түскенін атап өтті.

«Айта кетейік, қазір ДДҰ кәдімгі темекіден вейпке ауысқан темекі шегушілерге зиян азаяды деген мәлімдемені жоққа шығарды. Дүние жүзінің 33 елі (Дания, Норвегия, Аргентина, Сингапур және т.б.) вейпке тыйым салды. ЕАЭО елдері қазірдің өзінде вейптер мен темекі шекпейтін темекі өнімдеріне толық тыйым салу мәселесін талқылап жатыр», – деді сенатор Айнұр Арғынбекова.

Сондай-ақ оқыңыз