Жалпыға бірдей декларациялау қазақстандықтар өміріне қалай әсер етеді

Жарияланды (жаңартылды )
«e-Salyq Business»
Жалпыға бірдей декларациялау қазақстандықтар өміріне қалай әсер етеді/kursiv.media

Кейінгі кезде қазақстандықтар халықтың барлық санатына арналған жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге байланысты салықтық заңнамадағы өзгерістерді жиі талқылайтын болды. Бұл өзгерістер халықтың қызығушылығын тудырып қана қоймай, әртүрлі пікірдің туындауына негіз болып отыр. Бұл мәселе тек ресми БАҚ-та ғана емес, ресми емес ақпарат көздерінде де қызу талқыланып жатыр. Қазақстандықтар декларациялау тақырыбын тереңнен талдау үшін форумдар құрып, ойларын ортаға салып, осы мәселеге қатысты сұрақтар қойып, өздерінің тәжірибесімен бөлісуде. Әлеуметтік желілерде пайдаланушыларда салық заңнамасына енгізілетін жаңашылдықтарға арналған жаңалықтар мен мақалаларды белсенді талдап, пікір білдіріп, ерекшеліктерін түсінуге тырысып бағуда.

Сонымен қатар салық саласындағы сарапшылар мен заңгерлерден кеңес  алуға деген қызығушылық артты. Мұның барлығы халықтың жалпыға бірдей декларациялау салдарын түсініп, бүге-шегесіне дейін білуге ынта-ықылас танытып отырғанын көрсетеді. Алдағы салықтық өзгерістерге байланысты қазақстандықтарды мынадай сұрақтар толғандырады:

  • Декларациялау талаптары отбасылық бюджетке қалай әсер етеді?
  • Қарапайым халық пен кәсіпкерлер салықтық жаңалықтар жайлы не дейді, осыған қатысты қандай әрекет жасап жатыр?
  • Банк карталарын пайдаланудың күтілетін салдары қандай?
  • Бұл салық шаралары қандай перспективалар мен қиындықтар әкеледі?

4Service халықаралық зерттеу орталығы осы сұрақтарға жауап іздеп көрді. Осы мақсатта Қазақстан халқы арасында сауалнама жүргізіп, олардың алдағы уақытта салық саласында енгізілетін өзгерістерге қатысты ойын білді. Зерттеу 2024 жылдың қаңтар-ақпанында онлайн-сұхбат (CAWI) әдісімен жүргізілді. 18 жастан асқан барлығы 705 респондент сауалнамаға қатысты. Зерттеу географиясына Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласы кірді.

Зерттеуге қатысқан респонденттер:

  • Жалдамалы жұмыскер (орта буындағы мамандар мен менеджерлер)
  • Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар (кәсіпкерлер, өздеріне жұмыс істейтіндер)
  • Уақытша жұмыссыздар (жұмыссыздар, декреттік демалыстағылар)
  • Қара жұмысшылар
  • Басшылар, компания директорлары
  • Зейнеткерлер
  • Студенттер

Сауалнама қорытындысына сәйкес, халықтың басым көпшілігі жаңалықтың басты дереккөзі болып тұрған Instagram (43%) мен жаңалық тарататын сайттар арқылы (22%) интернеттен (84%) естіген. Осыдан азаматтарға мемлекеттік бастамалар жайлы ақпарат беруде цифрлық платформаның маңызды екенін білуге болады.

Отбасылық бюджетке әсері

Салық шаралары отбасылық бюджетке әсер ете ме деген сұраққа жауап бергендердің 51%-ы алдағы жалпыға бірдей декларациялау өздерінің отбасыларының қаржылық жағдайына жағымсыз әсер ететініне сенімді. Бұған салық  және осының салдарынан тауарлар мен қызметтердің бағасы өсуі мүмкін деген болжам себеп болған.

Сонымен қатар салықтық шаралар отбасылық бюджетке әсер етпейді дейтін респонденттер де тобы бар. Бұл топ өз ұстанымдарын ресми кіріс көзі бар екендігімен түсіндіреді.

Жаңалықты қабылдаудағы осындай алшақтық алдағы енгізілетін салықтық өзгерістерден халықтың не күтері белгісіз екенін көрсетеді.

Халық пен кәсіпкерлердің реакциясы

Қазақстанның салық заңнамасына енгізілетін жаңашылдықтар халық арасында әртүрлі реакция туғызып отыр. Зерттеу нәтижелері әзірге сенімнен гөрі күмән басым екенін көрсетті. Себебі қазақстандықтардың 70%-ына өз кірістерін декларациялау туралы жаңалық түрпідей тиді. Олар жаңа салықтық жүктеме салдарынан азаматтардың экономикалық жағдайы нашарлап кетуі мүмкін деп шешкен. Сонымен бірге қарапайым халық кірісін декларацияламау керек (17%) дегендер бар. Мұндай шара тек халықтың белгілі бір тобына ғана қатысты болу керек деген де түсінік бар.

Сондай-ақ респонденттердің басым бөлігі жалпыға бірдей декларациялаудың  енгізудің әділдігі мен теңдігіне күмән келтіреді (76%). Ең көп алаңдаушылық бағаның өсуіне ықтимал әсер ету және бизнестің ықтимал шығындарын өтеу қажеттілігімен байланысты болып отыр.

Жеке тұлғаның алдағы енгізілетін қаржылық тәртіпке қатысты жоспарлы қадамы жайлы айтар болсақ, онда сауалнамаға қатысқандарың төрттен бірі (26%) банктік аударымдардан бас тартуды көздеп отыр. Ал тағы бір 25%-ы өздерінің қаржылық стратегиясын өзгертуді ойлап, жеңілдік пен пайданы зерттеп көрмекші. Сондай-ақ жаңа салықтық саясатты жақсы түсініп, өздерінің салықтық міндеттемелерін оңтайландыру үшін (22%)​​ салық сарапшыларымен кеңесуді жөн көреді. Қазақстандықтардың қалған 28%-ы осы өзгерістерге қатысты ештеңе істемеуді шешкенін атап кеткен дұрыс болар.  

Ал бизнес тарапынан ойластырылып жатқан іс-әрекетке тоқталсақ, онда респонденттердің ойынша кәсіпкерлер арасында баға өсуі мүмкін деген болжам басым.

 

Банк карталарын пайдаланудағы күтілетін өзгерістер

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – мобильді аударымдар. Яғни кәсіпкерлік қызмет белгілері барлардың мобильді аударымдары тексеріледі. Бұл жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңіне қатысты. Негізгі мақсат – кірісін азайтып көрсету үшін мобильді аударымдарды пайдаланатындары анықтау. Кәсіпкерлікке арналмаған шотына соңғы үш айда 100 және одан да көп адамнан ақша түсетіндер тексеру құрығына ілінеді. Банктер мұндай мәліметтерді мемлекеттік кірістер комитетіне береді.

Зерттеу нәтижесі банк карталарын қолданушылардың көбі (54%) салық салуға қатысты қорқыныштан қолма-қол ақшаға көшуді ойластырып отырғанын көрсетті. Ал үштен бірі (31%) транзакциялар санын азайтуға тырысып, шығыс есебін жүргізуді жоспарлап отыр. Бизнес өкілдері де (47%) банк карталары арқылы аударым жасауда салықтан жалтарып кетудің жаңа тәсілін іздестіруі мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ олар (42%) өздерінің шығындарын қатаң есепке алуы да ғажап емес.

Қазақстандықтарды қолдау: сенімге селкеу түсірмеу жолдары

Зерттеу көрсетіп отырғандай, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялауды енгізу халықтың арасында әжептәуір шиеленіс тудырып отырғаны өтірік емес. Респонденттердің көбісі бұл өзгерісті қолдамайды. Тек 12%-ы ғана өзгерістің қоғам мен экономикаға пайдасы болатынына сенеді. Алайда қазақстандықтардың салық жаңашылдықтарына деген көзқарасында өзгеріс мүлде жоқ деуге де болмайды. Бұл үшін басты шарт бар. Олар: салықтан түсетін қаражатты тиімді пайдалану, процестердің ашықтың мен декларациялау мақсатын арттыру, сондай-ақ жеке мәліметтерді қорғау мен сараланған тәсілді қолдану керек.

Жаңа декларациялық талаптарды енгізуден туындайтын қиындықтар

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялауды енгізу елдегі экономикалық жағдайды жақсартудың әлеуетті мүмкіндіктерін де, жаңа жүйені қоғамның қабылдауымен және енгізуімен байланысты күрделі қиындықтарды да әкелетіні сөзсіз. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бүгінде ел тұрғындарының шамамен 10-12 %-ы ғана кірістерін декларациялау қажеттілігіне оң көзқараста және осы салықтық жаңашылдықтың тиімділігі жайлы атып отыр. Теріс реакцияның негізгі себептері – кірістерін жарияламау әдеті. Декларациялау процесінің қарапайым азаматтардың өміріне нақты әсерін түсінбеу. Жаңашылдықтан туындайтын қорқыныш тізімінде – бағаның өсуі, салықтың көбеюі, бизнеске кері салдарының болуы бар.

Әлеуметтік шиеленісті азайтып, жаңа шараны кеңінен қолдау үшін биліктің ашық болғаны керек. Сонымен қатар халыққа салық заңнамасындағы жаңашылдықтың мақсаты мен тетіктері жайлы нақты ақпарат беру. Сондай-ақ барлық мүдделі тұлғалардың ойы мен ұсынысын ескеру қажет.

Сондай-ақ оқыңыз