«Кемшін тұстары көріне бастайды»: Астана әкімдігі биыл қаладағы 50 көшені жөндемек

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Астана
Астана қаласында 50-ден аса көше жөнделмек. Фото:instagram.com/jenis_qasymbek/

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қыс бітіп, көктем келгенде нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары байқала бастайды деп отыр. Қала басшысы бүкіл қаланы аралап, биыл жөнделуі тиіс жолдардың жоспарын бекіткен. Жоспар бойынша, 2024 жылы жалпы ұзындығы 60 км болатын 50-ден астам көше жөнделмек. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.

«Қыс мезгілінен кейін нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары көріне бастады. Жауапты басқарма жол жұмысшылармен бірге жөнделетін көшелердің ұзаққа шыдауын қамтамасыз етуі керек. Жұмыс мінсіз, лайықты күйде және сын көтеретін деңгейде орындалуы керек», — дейді әкім.

Қала басшысы елорданың бүкіл ауданын аралап, биылғы жоспарды белгілеген. Оның айтуынша, биыл жол жөндеу жұмысы ертерек басталмақ. Әкімдік ұзындығы 60 км болатын 50-ден астам көшені жөндеуді жоспарлап отыр.

«Сол сияқты 20-дан астам ірі нысан бар. Олардың бір бөлігін биыл аяқтаймыз, тағы бір бөлігінің (көшелер, жол айрықтары, көпірлер және т.б.) құрылысын биыл бастаймыз. Сондай-ақ тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдарды, аялдама қалтарыстарын, пандустарды және т.б. жабдықтауды жоспарлап отырмыз», – дейді Қасымбек.

Ең алдымен көлік көп жүретін, жаңа әлеуметтік нысандар (кірме жолдар) бар орындар, сонымен қатар елді мекендердің жолдары жөнделіп, салынады. Құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарда жол инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін ғана салынады, Оған дейін уақытша төсем төселеді.

Сондай-ақ оқыңыз