Жаңалықтар

WeWork желісінің бұрынғы басшысы Адам Нейман аталмыш компанияны 500 млн долларға сатып алғысы келеді

WeWork желісінің бұрынғы басшысы аталмыш компанияны сатып алғысы келеді/Фото: Shutterstock

The Wall Street Journal басылымы дереккөзге сілтеме жасап, банкротқа ұшыраған америкалық WeWork коворкинг желісінің негізін қалаушы және бұрынғы басшысы Адам Нейман аталмыш компанияны 500 млн долларға сатып алғысы келетінін жазды. Нейман 2019 жылы IPO-ны өткізбек болған сәтсіздіктен кейін, WeWork басшылығынан шеттетілді. Сол кезде компания құны 47 млрд доллар болып, WeWork АҚШ-тағы ең қымбат стартаптың бірі болды.

Толығырақ

WSJ басылымының сұхбаттасушыларының айтуынша, Нейман жақында WeWork компаниясын 500 млн долларға сатып алу туралы ұсыныс жасады. Ақпарат берушілер компанияның бұрынғы басшысы мәмілені қалай қаржыландыратыны әлі белгісіз деп отыр.

Ақпан айында Нейманның заңгерлері WeWork кеңесшілеріне оның белсенді инвестор Дэниэл Лебтің Third Рoint қорымен және басқа инвесторлармен бірге компанияны сатып алу өтініміне қатысатынын айтты. WSJ дереккөздері қазіргі кезде Тhird Point Нейман ұсынған өтінімге қатыспайтынын нақтылады.

WeWork банкроттық туралы мәлімдемеде, өткен жылдың 30 маусымында компания активтері 15 млрд доллар, ал жинақталған міндеттемелері 19 млрд доллар екенін көрсетті.

Шарықтау мен құлдырау

WeWork өзінің тасы өрге домалап тұрғанда жалға алу құны жоғары ұзақ мерзімді жалдау келісімшарттары есебінен тез өсті. 2019 жылдың басында шарықтау шегіне жетті. Сол кезде WeWork АҚШ-тағы ең қымбат стартап саналды. Ал инвесторлар компанияны 47 миллиард долларға бағалады. WeWork инвесторларының қатарына жапондық SoftBank, Benchmark венчурлық компаниясы бар. Сонымен қатар JPMorgan Chase-ті қоса алғанда Уолл-стриттің ең ірі банктері кірді.

IPO өткізудегі сәтсіздіктен кейін WeWork бағасы 10-12 млрд долларға дейін төмендеді. The New York Times мұны «стартап тарихындағы бұрын-соңды болмаған сәтсіздік» деп атады. Нейман компания басшылығынан шеттетілді.

2021 жылы WeWork SPACE Bowl Acquisition-пен бірігу арқылы биржаға шықты. Бірақ 2023 жылдың қараша айында компания АҚШ-та банкроттық туралы арыз берді. Бұл процесс оның басқа елдердегі филиалдарына әсер етпейтінін атап өтті.