Kaspi.kz акциялары енді Лондон қор биржасында сатылмайды

Жарияланды
Kaspi.kz акциялары Лондон қор биржасында сатылмайды / Коллаж: kursiv.media

Kaspi.kz Лондон қор биржасында листингінен бас тартты. Компанияның америкалық депозитарлық акциялары (ADS) мен жаһандық депозитарлық қолхаттары (GDR) енді LSE-де сатылмайды.

Kaspi.kz ақпан айының соңында бұл шешімін жариялады. Холдинг мұны LSE негізгі нарығындағы сауда көлемінің төмен болуымен байланыстырды. Осылайша компания Лондондағы өзінің ADS және GDR листингінен бас тартуға өтініш берген. Компания листингтің пайдасымен салыстырғанда шығындар мен әкімшілік ауыртпалық жоғары екенін хабарлады.

Фин-тех ұйым акциялары Лондон қор биржасында 2020 жылдың қазан айынан бастап сатылуда.

Kaspi.kz-тің 2023 жылғы табысы 51%-ға – 1,9 трлн теңгеге дейін өсті

Таза пайда 44%-ға – 849 млрд теңгеге дейін артты. Төлем жүйелері мен нарықтарды дамыту 2023 жылғы барлық пайданың 66%-ын қамтамасыз етті. 2024 жылы табыс тағы 25%-ға өседі деп күтілуде.

Kaspi bank 2023 жыл үшін төленетін дивиденд көлемін жариялады

«Kaspi bank» АҚ дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы қаржы ұйымы Қазақстан қор биржасына жолдаған құжатта жазылған.

«Kaspi Bank акционерлері 2023 жылға жай және артықшылығы бар бір акцияға 4 000 теңге көлемінде дивидендтер төлеуді мақұлдады», – деп жазылған құжатта.

Төлемдер 2024 жылдың 18 наурызында басталады.

«Банктің акциялары бойынша дивиденд төлеу акционерлердің жалпы жиалысы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады», –деп бекітілген құжатта.

Kaspi.kz акционерлері АҚШ-тағы IPO-сынан 1 млрд доллар табыс тапты

Еске сала кетсек, қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастыру барысында шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты. Бұл туралы Bloomberg хабарлаған. Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 миллион доллар артық.

IPO 11,3 миллион америкалық депозитарий акцияларын бір ADS үшін 92 доллар бағасымен ұсынды. Сатушы акционерлер Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Asia Equity Partners Limited (Baring Vostok қорларының бірі) болды.

Kaspi.kz акционерлері тапқан табыс желтоқсан айының соңында SEC-ке берілген өтініште көрсетілген сомадан 10 есе көп.

Кaspi.kz АҚШ-та депозитарлық қолхат орналастыру ниетін алғаш рет қазан айында жариялады. Алайда қанша қағаз шығарылатыны, олардың қандай биржада орналастырылатыны нақтыланбаған.

2023 жылдың желтоқсанында компания АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) NASDAQ тізіміне кіруге өтініш берді. Сонымен қатар андеррайтері Morgan Stanley, JPMorgan және Citigroup болатыны белгілі болды.

Kaspi.kz 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында (LSE) IPO өткізді. Компания акционерлері сол арқылы 1 миллиард доллар тапты. Холдинг акцияларының шамамен 15%-ын IPO аясында орналастырылды. Компанияның ЖДҚ Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық биржасында (AIX) де саудаланады.

Сондай-ақ оқыңыз