«Күзде сатып жіберуі керек еді»: АШМ биыл пияз егістігін қысқартпақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
пияз көлемін
Биыл пияз егістігінің көлемі қысқарады. Фото: shutterstock.com

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров фермерлер пиязды қымбатқа сатамыз деп сақтап, бекер шірітіп алғанын айтады. Министрлік шаруаларға күзде пияздың келісін 80 теңгеден сатып жіберуді ұсынған көрінеді.

Журналистер министрден шіріп жатқан жуа жайын сұрады.

«Пиязды өндірушілер 15 теңгеден сатып жатыр. Бірақ дүкендерге жеткенше,өнім бағасы 200 теңгеге дейін қымбаттап кетеді. Бұл жерде ортадағы делдалдар пайда көріп жатыр. Сонымен бірге олар бағаның да өсуіне себеп болып отыр. АШМ осы арадан делдалдарды неге алып тастамайды? Бағаны неге солай реттемеске?», – деді журналист.

Министр пиязды күзде қымбат кезінде сатып жібермегені себепті шаруалардың қазір қиын жағдайда қалып отырғанын айтты. Ал бағаны реттеу АШМ құзыретіне кірмейтінін, оған Сауда министрлігі жауапты екенін жеткізді.

«Біз өндіріске ғана жауап береміз. Сауда министрлігі ортадағы делдалдарды алып тастау мәселесін қарастырып жатыр. Расымен, шаруалар 25-30 теңгеден сатып жатыр. Делдалдар оны 80-100 теңгеден сатады. Бұл мәселемен құзыретті министрлік айналысып жатыр. Негізінен шаруаларға жуаны күзде 80 теңге болған кезінде сатып жіберу ұсынылған болатын. Бірақ біздің фермерлер бағаның көтерілуін күтеді. Бірақ баға керісінше түсіп кетті»,– деді министр.

Айдархан Сапаров министрлік бұл мәселені қадағалап отырғанын жеткізді. Биыл егілетін пияз көлемін де азайтпақ. Былтыр пияз қызбаттаған соң, шаруалар жаппай жуа отырғызып кеткен. Салдарынан нарықтағы ұсыныс сұраныстан асып түсіп, фермерлер өніміз өткізе алмай қиналып қалды.

АШМ мәліметінше, 2023 жылы өндірілген пияз көлемін 1,1 млн тоннаны құраған. Ол нарықтағы сұраныстан үш есе артық. Министрлік өтпей қалған өнімнің қоймада шіріп жатқанын растаған.

Министрліктің хабарлауынша, импорттаушылар артық өнімді Ресей аумағы арқылы Балтық жағалауы мен Грузияға жөнелту жоспарланған. Бірақ көлік логистикасы мәселесі пияз қорларының жиналуына және бағаның төмендеуіне әкелді. Күн жылып, бейімделген қоймаларда пиязды сақтау мәселесі туындады. Бұл ретте тоңазытқыш жабдығы бар мамандандырылған қоймалар жоқ.

16 наурыздағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 160 мың тоннаға жуық сатылмаған өнімі бар. Оның 138 мың тоннасы Жамбыл облысында, 22 мың тоннасы Алматы облысында тұр. 

АШМ былтыр пияз бағасын ұстап тұру үшін пиязды экспорттауға 3 айға тыйым салған еді.

Сондай-ақ оқыңыз