Андрей Лаврентьевтің ArcelorMittal Temirtau компаниясын сатып алуына ақша бюджеттен бөлінген болуы мүмкін. Бұл туралы ProTenge телеграм-арнасы жазды.
Телеграм-арнаның ақпаратына сүйенсек, ашық дереккөзден Қазақстан даму банкі (ҚДБ) Qarmet үшін кемінде екі кредиттік желі ашқаны туралы мәлімет табылған.
«Ашық деректер компанияны сатып алу-сату кезеңінде мемлекет қаржысы тартылғанын байқатады. ҚДБ Qarmet акционерлік қоғамына қарыз берген. Бірақ нақты сомасын білмейміз. Тек әрбір несие желісі бүкіл Qarmet активтері құнының 25%-на тең, ал кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 8,41%-ды құрайды», – деп жазады телеграм-арна.
Ақпаратқа сәйкес, ҚДБ несие желісін компанияның акционері ауысуына бір күн қалғанда ашқан. Яғни несие туралы келісімге 2023 жылдың 6 желтоқсанында қол қойылды. Келесі күні, 7 желтоқсанда, ARCELORMITTAL NETHERLANDS B. V. металлург компаниясының иесі болуды тоқтатты.
Айта кетейік, телеграм арна ақпараттың нақты қай деректерден алынғанын және келісім сомасы қанша болғанын нақты көрсетпеген.
ҚДБ соңғы жариялаған есептерінде де бұл туралы ақпарат жоқ. Алайда есепте тау-кен өндірісі өнеркәсібіне 250 млрд теңге бөлінгені жазылған.
ArcelorMittal Temirtau кен орнындағы жарылыс
Еске сала кетсек, 28 қазанда ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге ArcelorMittal компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды. Лаврентьев сатып алғаннан кейін компания атауы Qarmet болып өзгерді.
Kompra дерегінше, кәсіпкер 2023 жылы 5 кәсіпорын құрған. Олардың арасында 2023 жылғы 30 қазанда құрылған Qazaqstan Steel Group ЖШС бар. Компания болат құю ісімен айналысады деп жазылған. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 желтоқсанында QSG HOLDING LIMITED жеке компаниясы тіркелген. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Лаврентьев инвестиция тарту үшін арнайы құрған компания АХҚО-ға облигация шығарған. «Курсив» осы облигацияларды тауып алды.
QSG HOLDING LIMITED, AIX дерегі бойынша, 5 жыл ішінде 1 млрд доллар қарыз алады. Бұл ретте 355 млн доллар көлеміндегі облигациялардың бірінші траншы 2023 жылғы 20 қарашадан басталады. Бір қызығы, компания бірінші транш жарияланғаннан кейін 2 аптаға жуық уақыт өткен соң тіркелген. Жылына 15%-бен әрқайсының құны 500 мың долларға жуық 710 бағалы қағаз шығарылған. Облигация бойынша төлем жасау 2027 жылдың 20 қарашасына дейін жоспарланған.
Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.