Ресей Думасының депутаты Мәскеудегі терактіден кейін Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жоюды ұсынды

Жарияланды
Ресей Думасының депутаты Мәскеудегі терактіден кейін Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жоюды ұсынды / коллаж kursiv.media (duma.gov.ru және REUTERS/Maxim Shemetov)

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Миронов Мәскеу маңындағы террористік шабуылдан кейін Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жоюды ұсынды.

Саясаткердің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Сергей Миронов «ұлттық қауіпсіздікті нығайту» үшін Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жоюды ұсынған.

«Справедливая Россия – За правду» парламенттік фракциясы жетекшісі Мироновтың айтуынша, Ресей үкіметі шекарада тәртіп орнатып, террористік актілерге қарсы тұру үшін көші-қон процестерін бақылауды күшейтуі керек.

«Көршілес мемлекеттерді Ресейге қарсы диверсиялық шараларды дайындау орны ретінде пайдалануы мүмкін. Ашық шекаралар арқылы олар елімізге өтеді. Бұл көршілерімізге де қауіп төндіреді. Себебі олардың территориясында экстремистік элементтер жиналады», — деді депутат.

Миронов визасыз режимнің күшін жоюды «бұрынғы КСРО республикаларына» қатысты жағымсыз қимыл ретінде қарастыруға болмайтынын айтқан.

Мәскеу түбіндегі теракт

Жұма күні кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында атыс болды. «Пикник» тобының «Крокус Сити Холлдағы» концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырған.

Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесі Мәскеудегі терактіден кейін қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтты.

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников Владимир Путинге «Крокус Сити Холл» концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адамның ұсталғаны туралы хабарлаған. Олардың арасында Орталық Азия елдерінің азаматтары бар екенін айтылған.

Шабуылдың артында кім тұр?

Reuters ақпаратына сүйенсек, Мәскеудегі шабуылдан кейін бірнеше сағаттан соң «Ислам мемлекеті» террористік тобы шабуылды мойнына алғаны жөнінде хабар тараған. Басылым АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, террористік топтың шабуылға қатысы барын растаған. Ақпаратқа қарағанда, АҚШ бұған дейін барлау деректерін Ресейге берген. «Ислам мемлекеті» Ресейдің Ауғанстан, Шешенстан және Сириядағы әскери әрекеттері үшін кек алғысы келгені жазылған. 

Қазақстанның реакциясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растағанын жазған едік.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты Мәскеу облысында болған зорлық-зомбылық әрекетті тағы да айыптай отырып, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдың салдарынан қаза болған немесе зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін мәлімдеді. 

Сонымен қатар Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған қайғылы оқиғаларға байланысты Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтары үшін 8 (925) 897-71-14 нөмірі бойынша жедел желі ашты.

Сондай-ақ оқыңыз