Бірқатар мердігер Көлгінов әкім болған кезде салынған жолдарды жеке қаражаты есебінен қайта жөндейді

Жарияланды (жаңартылды )
Астана әкімдігі жол жұмыстарын өз есебінен қайта жасайтын мердігерлер тізімін жариялады / Фото: kursiv.media

Астанада бірқатар мердігер жол-құрылыс жұмыстарын өз қаражаты есебінен қайта жасайды. Бұған анықталған ақаулар себеп болды. 

Қаланың көше-жол желісін көктемгі зерттеу барысында 2021-2022 жылдар аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілген бірнеше көшелерде ақаулар табылды. Атап айтқанда:

  • Жетіген көшесі А. Пушкин көшесінен Ж. Досмұхамедұлы көшесіне дейін – «Сотис групп» ЖШС;
  • А. Иманов көшесінің бойында А. Янушкевич көшесінен Ш. Уәлиханов көшесіне дейін – «Айя Сервис» ЖШС;
  • Алаш тас жолы жол өтпесінен Жолымбет көшесіне дейін – «Айя Сервис» ЖШС;
  • Мәңгілік Ел даңғылы М1 көпірінен Бұқар жырау көшесіне дейін – «Компания Энергодор» ЖШС;
  • Қабанбай батыр даңғылы бойында Сарайшық көшесінен Қорғалжын тас жолына дейін – «Сотис групп» ЖШС;
  • Жеңіс даңғылы бойында Есенберлин көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін – «Сотис групп» ЖШС;
  • Р. Қошқарбаев даңғылы бойында Қордай көшесінен М. Төлебаев көшесіне дейін – «Сотис групп» ЖШС;
  • Еңлік Кебек көшесінің бойында Сұлтан Бейбарыс көшесінен Болашақ көшесіне дейін – «РЕКМА КЗ» ЖШС.

«Аталған учаскелерді жөндеу жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер ұйымдар кепілдік міндеттемелеріне сәйкес, өз қаражаты есебінен жол төсемінің ақауларын жоюға кіріседі. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде және қолайлы ауа райы жағдайлары басталған кезде жүргізілетін болады», – деп хабарлады елорда әкімдігі. 

Сонымен қатар биыл ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын 50-ден астам көшені жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ 20-дан астам ірі нысан құрылысы жүргізіледі. Олардың бір бөлігі осы жылы аяқталады, бір бөлігінде – құрылыс басталады (көшелер, көпірлер және т.б.).

«Қала тұрғындары мен қонақтарынан жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде түсіністік пен шыдамдылық таныту сұраймыз. Учаскелердің жабылуынан туындаған уақытша қолайсыздықтар ұзаққа созылмайды, бірақ жолдардың жағдайы жақсарады және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деп хабарлады елорда әкімдігі. 

Еске сала кетсек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қыс бітіп, көктем келгенде нашар жөнделген жолдардың кемшін тұстары байқала бастайтыны айтты. Қала басшысы бүкіл қаланы аралап, биыл жөнделуі тиіс жолдардың жоспарын бекіткен. Жоспар бойынша, 2024 жылы жалпы ұзындығы 60 км болатын 50-ден астам көше жөнделмек.

Сондай-ақ оқыңыз