Қатарлық компания «Қашаған» кен орнындағы газ өңдеу зауытына салған инвестицияны қалай қайтарып алмақ?

Жарияланды
«Қашаған» кен орнындағы газ өңдеу зауытына салынған инвестиция қалай қайтарылады?/ shutterstock и freepik

2024 жылғы ақпанда Қазақстан мен Қатар бірлесіп «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салуға уағдаласқан. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы қалай қайтарылады? Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифинг барысында айтты.

«Қашаған кен орнында екі ірі газ өңдеу зауыты салынады. Бірінші газ өңдеу зауыты қазір салынып жатыр. «Қашаған» кен орнында 1 млрд текше метрге арналған зауыт. Екіншісін салу жоспарланып жатыр. 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге есептелген. Бұл бағытта коммерциялық келіссөздерді QazaqGaz компаниясы жүргізеді», – деді министр.

Қатарлық компания салған инвестициясын қалай қайтарып алады?

«Инвестиция процессинг арқылы қайтарылады деп жоспарлануда. Бастапқыда осылай жоспарланған. Қатарлық компания мен QazaqGaz бірлескен кәсіпорын газ процессингі үшін ақша алады. Сол арқылы зауытты салу үшін жұмсалған қаражатты қайтарып алады», – деді министр.

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, салынған қаржыны қайтару мерзімі келісімнің қаржылық-экономикалық шартына байланысты.

Айта кететіні, процессинг кезінде шикізатты өңдеген зауыт өңдеу қызметтері үшін белгіленген ақы алады, ал барлық өндірілген өнімдер жеткізушіге беріледі.

Шешім ақпанда қабылданды

Ақпанда «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен UCC Holding «Қашаған» кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобаларын бірлесіп іске асыру туралы келісімге келді. 

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша қол қойылған келісімшарттың бірі.

Тағы қандай келісімге қол қойылды?

Сонымен қатар Қазақстан мен Қатар екі ел арасында ұстап беру туралы келісімге келген еді. Қос тарап қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қол қойды.

Ақпандағы кездесу барысында ҚР Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатар мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім жасалған.

Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі ынтымақтастық орнатады.

«Самұрық-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Power International Holding арасындағы энергетика және газ саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім жасалды.

Бұған дейін Энергетика министрі Қазақстан Түркіменстаннан энергия мен газ сатып алуға дайын деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз