Атырау мен Павлодардағы мұнай зауыттары жекешелендіріліп, Ресейге сатыла ма – ҚМГ басшылығы жауап берді

Жарияланды
ҚМГ Қазақстанның екі мұнай зауыты да жекешелендірілмейтінін мәлімдеді / Фото: kursiv.media

Қазақстандағы екі мұнай зауыты, атап айтқанда АМӨЗ бен мен Павлодардағы мұнай зауыты жекешелендірілетіні туралы ақпараттың тарап кетуіне байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев мәлімдеме жасады.

«Бүгін әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарын жекешелендіру жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеймін. Бұған қатысты келіссөз жүргізілген емес. ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарында барлық өндірістік процесс штаттық режимде жүріп жатыр», – деді Макеев.

Мұның алдында бұқаралық ақпарат құралдарында ресейлік «Лукойл» Атырау мұнай өңдеу зауытын сатып алуға мүдделі деген ақпарат шыққан. «Газпром нефть» Павлодар мұнай-химия зауытын сатып алуды ойластырып жатыр деген ақпарат тараған болатын.

Ал «Аргус» басылымы саладағы дереккөздерге сілтеме жасап, мемлекет алдағы екі жылда Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіруді жоспарлап отырғанын жазды.

Ratel басылымы зауыттарды мемлекет меншігінен шығаруды ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қолдап отырғанын жазды. Агенттік мәлімдеуінше, «жекешелендіру зауыттарды басқару тиімділігін арттыру қажеттілігінен туындаған». БҚДА соңғы үш жылда осы екі зауытта 115 жоспардан тыс тоқтау болғанын, ал жекеменшіктегі Шымкент мұнай өңдеу зауытында апат екі есеге азайғанын мысал ретінде келтірген.

@NRG_monitor телеграм арнасы мұндай шешімдердің тәуекелі көп екенін мәлімдеген.

«Басты тәуекел – қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын ресейлік тарап параллель импортты ұйымдастыру үшін буфер ретінде пайдалануы мүмкін. Бұл жақсылыққа апармайды! Атырау мұнай өңдеу зауытына ресейлік инвесторларды тарту әлі ерте», –деп жазды телеграм арнасы.

Өз кезегінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те екі зауыттың сатылуына қатысты ақпаратты жоққа шығарды.

«Атырау мен Павлодар МӨЗ-ін сатуға қатысты келіссөздер жүргізу туралы Энергетика министрлігіне өтініштер кеп түспеді. Мен «ҚазМұнайГаз» таратқан ақпаратпен келісемін, коммерциялық келісім жасасу туралы ешқандай мәлімет жоқ»,- деді министр.

Еске сала кетсек, ҚМА Атыраудағы зауытқа тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Компания басшылығы өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін деп күдіктелетіні айтылды.

ҚМА істің кімге қатысты басталғанын айтпаған. Бірақ естеріңізде болса, АМӨЗ басшылығы арасында үлкен дау шыққан болатын. АМӨЗ атқарушы директоры қызметіне жаңа тағайындалған Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, АМӨЗ-де болып жатқан келеңсіз жағдайлар туралы баяндады. Ол бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтты. Өзіне қарсы басталған шабуылдың себебі сол екенін мәлімдеді. Ол 2020-2023 жылдар аралығында еншілес компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу фактісін анықтағанын хабарлады. Бұл сатып алулар көптеген бұзушылықтармен жүзеге асырылған.

Осындай кемшіліктер мен кәсіпорын қызметіндегі көптеген заң бұзушылықтардың анықтаған Ғалымжан Жусанбаев:

«Бұл адамдар менің адал атымды қаралау және өздерінің адал емес әрекеттері туралы фактілерді жасыру мақсатында маған қарсы ақпараттық науқан бастады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «ҚазМұнайГаз» бас компаниясының басшылығы маған БАҚ арқылы өз ұстанымымды білдіруге тыйым салғандықтан, Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін», –деген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз