«Субсидия қарызы 160 млрд-тан асып кетті, ауыл шаруашылығының техникасы тозған»– Үкімет басшысы диқандар мәселесін көтерді

Жарияланды
75%-дан астам ауыл шаруашылығы техникасы тозған / Фото: Үкімет

Елімізде фермерлерге берілетін субсидия бойынша қарыз 160 миллиард теңгеден асып кетті. Ал ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 75%-дан астамы тозып тұр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге тоқталып, әкімдіктердің жұмысын сынға алды.

Олжас Бектенов биылғы астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізуге байланысты екенін айтты.

«Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар маңызды науқан. Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге кредит беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 340 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қаралған. Олжас Бектенов қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізгенін атап өтті. Айтуынша зардаптың алдын алып, оның салдарын барынша азайтуға болатын еді. Алайда әкімдіктер  бұл бағытта белсенділік танытпады деп олардың жұмысын сынға алды.

«Диқандар өңірлердің нақты жоспарлары мен салалық министрліктің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын әдейі азайтып көрсету фактілері де кездеседі. Бұл су тапшылығына байланысты қалыптасып отырған күрделі ахуалды одан сайын қиындатып жібереді », – деді Үкімет басшысы.

Бектенов ауыл шаруашылығы техникасының тозғаны да өткір проблема күйінде қалып отырғанын еске салды.   

«Қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс», – деді ведомство басшысы.

Оның үстіне фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне қатысты шағымдарын жеткізіп, наразылық білдіруде.

«Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», – деп тапсырма жүктеді Олжас Бектенов.

Былтыр жыл соңында мемлекеттің субсидиялар үшін шаруалар алдындағы қарызы 95 млрд теңгеге жеткен еді. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеген. Министрдің айтуынша, аграриялық шаруаларды субсидиялауға 155 млрд теңге қажет болған. Оның 60 млрд теңгесі шаруаларға төленді. 

«60 млрд теңгенің 30 млрд тенгесі тыңайтқыштар мен тұқымдарды алуға егін шаруашылығына берілсе, 30 млрд теңге сүт, ет, және селекция жұмыстары үшін мал шаруашылығына бөлінген», – деді министр.

Қалған 95 млрд теңге әлі төленбеген. Мұның ішінен 65 млрд теңге міндеттеме келесі жылдың басында бюджет есебінен жабылады. Ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға және түрлі инвестициялық субсидияларға керек 30 млрд теңге әлі де Үкімет қарауында жатыр.

Ал сенат спикері Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығын қолдауға 1,2 трлн теңге жұмсалғанымен, Қазақстан әлі де импорт тауарларға тәуелді болып отырғанын айтты. Оған қоса, Әшімбаев субсидиялау ережелерінің өзгеруіне қатысты пікір білдірген еді.

«Субсидиялау ережелері соңғы жылдары 50 рет өзгерген болар. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында құжаттарды реттеу бір жылда 3 рет өзгерді. Біз қазір құжаттар тізімін өзгерту мен субсидиялау саясатын өзгертудің қаншалықты пайдасы бар екенін ойлауымыз керек», – деді сенат спикері.

Сондай-ақ оқыңыз