Депутаттар «Стати ісіне» Қазақстанның қанша қаржы жұмсағанын ашық айтуды талап етті

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Қазақстан «Стати ісіне» қанша қаржы жұмсады? коллаж: kursiv.media

Қазақстан 2010 жылдан бері молдова олигархтары Анатол және Габриэль Статимен соттасып келе жатқаны мәлім. «Ақ жол» фракциясының депутаттары осы дауға Қазақстан қанша қаржы жұмсағанын, кімді байытып жатқанын ашық жариялауды сұрап депутаттық сауал жолдады. Азат Перуашев осы дауда Қазақстанның мүддесін қорғаған, Марат Бекетаев пен Бауыржан Байбекке қатысы бар «Bolashak Consulting group» компаниясының қызметіне күмән келтірді.

«Стокгольм арбитраждық сотының Қазақстанның Статиге 544 миллион доллар төлеуі туралы шешімі жойылған жоқ. Осы орайда, кейбір БАҚ мәліметінше, Қазақстан бұл сот дауларына Стати талап етіп отырған қаржыдан екі есе көп шығын шығарған. Сондай-ақ осы дауларда Қазақстанның мүддесін қорғаған «Bolashak Consulting group» заң компаниясының тиімділігі ғана емес, қаржылық тазалығы да күмән тудырып жатыр», – деді Перуашев.

Депутат бұл компания қызметі бюджетке жылына 60 млн долларға түсіп отырғанын айтады.

«Егер Статимен сот дауы 13 жылға созылғанын ескерсек, кейбір ақпараттар бойынша Ескі Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен байланысы бар делінетін аталмыш компания құрылтайшыларының қалтасына қаншама жүздеген миллион доллар кеткенін болжауға ғана болады», -деді ол.

Әділет министрі Азамат Есқараевқа жолдаған сауалында мәжілісмен Қазақстан шын мәнінде аталмыш іс бойынша нақты қанша қаржы жұмсағанын ашық жариялауды сұрады. Оған қоса, бұл соманың қаншасын «Болашақ» компаниясы алды және олардың артында нақты кім тұрғанын да білгісі келеді.

«Бұл компанияның әрекеті мемлекетке келген залал ретінде қарастырыла ма және заңсыз шығарылған активтерді қайтару аясында бұл қаражатты өндіру шарасы қолданыла ма? Бұл іс аясында Қазақстан Республикасының қандай мүлкі әлі де бұғаттаулы күйде және бұл Қазақстанның жеке компаниялары мен ұлттық бизнесінің заңды мүддесіне әсер етпей ме? Сіздің министрлік Қазақстанды, қажет болған жағдайда оның жеке кәсіпорындарын Статидің шағымдарынан қорғауды жалғастыруды көздеп отыр ма және алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау үшін қандай шара қабылдануда?», – деді депутат.

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 2023 жылдың қазанында Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түскен.

«Стати ісінің» мәні

Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.

Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді.

Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.

2017 жылдың соңғы күндерінің бірінде Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.

2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласының аймақтық соты Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының активтеріне қойылған шектеуді жою жайлы ҚР Ұлттық банкінің өтінішхатына қатысты оң шешім шығарды.

Голландиялық сот 22 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Ұлттық қордың активтеріне шектеу қою туралы шешімнің күшін жойды.

Қазіргі Әділет министрі Азамат Есқараев сағызша созбай, мәселені шешуді қалайтынын жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз