Veon «Beeline Қырғызстандағы» үлесін непалдық компанияға сатуды жоспарлаған

Жарияланды
Veon «Beeline Қырғызстандағы» үлесін непалдық компанияға сатуды жоспарлаған / shutterstock

Veon «Beeline Қырғызстандағы» 50,1% үлесін Непалдың CG Cell technologies DAC компаниялар тобына сатуды жоспарлаған. Мәмілені қырғызстандық байланыс операторы жұмысын реттеуші, яғни Цифрлық даму министрлігі мақұлдауы қажет.

Компания мәміле сомасын ашқан жоқ. Келісімге қашан қол қойылатыны да белгісіз. Тек сатылым Veon-ның жұмысын жеңілдету және ірі нарықтарға назар аударуға бағытталғанын хабарлады.

«Сату мақсаты топтың құрылымын жеңілдету және Veon-ды қаржы, ойын-сауық, денсаулық сақтау және білім беру салаларында цифрлық қызметтерді ұсынатын оператор моделіне айналдыру үшін ірі нарықтарға назар аудару», – делінген компания мәлімдемесінде.

Айта кетейік, VEON компаниясына Beeline брендімен жұмыс істейтін Қазақстан мен Өзбекстандағы ұялы байланыс операторлары, Бангладештегі Banglalink, Пәкістандағы Jazz және Украинадағы «Киевстар» тиесілі. Veon-нің ең ірі акционері – ресейлік «Альфа-групп» иелері құрған LetterOne компаниясы.

Kcell немесе Tele2 мобильді операторларының біреуін «Қазақтелеком» ұлттық компаниясының құрамынан шығару рәсімі 2024 жылға қалған. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан еді.

Ол Kcell және Tele2 компанияларының қайсысы ұлттық компания құрамынан шығарылылатынын айтудан бас тартты. Алайда ол екі компанияның да тексеруден өтіп, бағаларды анықтап жатқанын айтты.

«Екеуі де тексеріліп жатыр, біреуі нақты сатылымға шығады. Алайда мен сатылымға шығатын компанияны атасам, оның бағасына әсер ететін болады», – деді министрі.

2023 жылдың маусымында Қазақстан мобильді байланыс операторларының бірін «Қазақтелеком» құрамынан шығару мәселесі талқыланып басталған

Еске салайық, операторлардың бірін компания меншігінен шығару мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді.

Бұған дейін БҚДА компанияны бәсекелестік нарығына 2022 жылдың соңына дейін шығуы мүмкін екенін хабарлаған. Мемлекеттік мекеме ұялы байланыс нарығында операторлардың бір компанияға шоғырлануы қызмет көрсету сапасының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өткен.

2018 жылдың желтоқсанында Қазақтелеком Kcell компаниясының дауыс беру акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Ал 2019 жылдың мамыр айында «Қазақтелеком» мен Tele2 AB арасында шведтік ұялы байланыс операторынан Tele2-нің 49% үлесін сатып алу туралы келісімге келді. Бірлескен кәсіпорын 2016 жылдың ақпан айының соңында «АЛТЕЛ» және «Мобайл Телеком-Сервис» бизнесі негізінде құрылды, ондағы «Қазақтелеком» АҚ үлесі жарғылық капиталдың 51% құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз