Атыраудағы ауаның шамадан тыс ластануына байланысты аймақ әкімі мәселенің себебін анықтауға 10 күн берді

Жарияланды
Атыраудағы ауаның экстремалды ластануы: Аймақ әкімі мәселенің себебін анықтауға 10 күн берді / shutterstock

Атырау қаласында мереке күндері жағымсыз иіс шыққан. Аймақ әкімі мәселеге енді назар аударып, иістің себебін анықтауға 10 күн берді.

«Аймақ басшысы мереке күндері ауаға тараған жағымсыз иістің пайда болған кезінде қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады», – делінген облыстық әкімдік хабарламасында. 

Мереке күндері Атырау қаласының тұрғындары ауада өткір иіс барын айтып шағымданған. Ал жауапты органдар 4 сағат өткесін ғана мәселені анықтауға кіріскен. 

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің мәліметінше, «Казгидромет» РМК АФ берген мәліметте бұл күндері 36 жоғары ластану және 2 экстремалды жоғары ластану тіркелген. 

«Иіс қаланың сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Оған қоса, 24 наурызда таңғы сағат 09:40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау станциясы бойынша күкірт сутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге артық екені (экстремалды жоғары ластану) тіркелді», – деді Бекмұхамедов.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен өңірдің экологиялық ахуалы туралы әкімдік отырысына экология департаментінің, «Қазгидромет» РМК АФ-ның, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылары мен «АМӨЗ» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC N.V компанияларының өкілдері қатысқан.

«Казгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Салауат Төленовтің айтуынша, атмосфералық ауаның жоғары және экстремалды жоғары ластану жағдайлары туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған.

Алайда АМӨЗ бен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін станциялар наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген.

«Таңғы сағат 3 пен 7 аралығындағы жағдай туралы мәлімет берілген жоқ. Біз АМӨЗ маңындағы тұрғын үйлер ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүргіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. АМӨЗ ЖШС-нің оң жағындағы қоныстану аймағында күкіртсутектің рұқсат етілген шекті концентрациясы 21-25 есеге дейін (жоғары ластану жағдайы) асып кетті. Ал мекеменің сол жағындағы қоныстану аймағында 17,5 есе шекті рұқсат етілген концентрациядан асты. Мониторинг бойынша деректер Атырау облысы бойынша экология департаментіне жіберілді «, – деді С.Төленов.

Әлеуметтік желіде күкіртсутектің иісі NCOC N.V компаниясының «Қарабатан» кен орынан шыққаны туралы ақпарат тарады. Консорциумның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Уәлихан Жанаисовтың айтуынша, бұған компанияның еш қатысы жоқ.

«Біз арнайы санитарлық қорғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 1-ден таңғы 9-ға дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни мекеменің кен орнына қарай соққан. Оған қоса, желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Барлық станцияның дерегін алып отырмыз, жағдай бақылауымызда«,  – деді У.Жанаисов.

Серік Шәпкенов экологиялық ахуал нашарлаған шақта бейқам отырған басшылардың жұмысын сынға алды. Жауапты басшыларға жағымсыз иістің пайда болу себебін анықтап, шарасын қолдану үшін комиссия құруды тапсырды.

Ауаға метанның шамадан тыс мөлшері болған

«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнын игеріп жатқан «Бозашы Мұнай» компаниясына 350 млн теңге айыппұл салынды. Маңғыстау облысы Экология департаменті жоспардан тыс жүргізілген тексеруден соң осындай шешім қабылдады.

«Маңғыстау облысы Экология департаменті «Қаратұрын» кен орнындағы ұңғыманың жану фактісі бойынша «Бузачи Нефть» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. 2023 жылғы 9 маусымда №303 ұңғымада бұрғылау құбырын көтеру кезінде ұзақтығы 200 тәулік болатын табиғи газдың өрті орын алды. Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаны ластаушы заттардың бар-жоғына бірнеше рет өлшеу жасады және олардың нәтижесі ауада метанның шамадан тыс мөлшерін көрсетті», – деп нақтылады Экология департаменті.

2024 жылғы қаңтарда Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талабы бұзылғанын анықтаған.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Бозашы Мұнай» ЖШС игеріп жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында 2023 жылы болған апаттың салдарынан атмосфераға 127 мың тонна метан тарағаны белгілі болды. Ғалымдар ғарыштан түсірілген  сурет негізінде осындай мәлімдеме жасады.

«2023 жылы ұңғымада болған апаттан кейін 127 мың тонна газ ағып кетті деген болжам бар. Өрт 6 айдан кейін сөндірілді. Метан жаһандық жылынудың негізгі себебі болып табылатын көмірқышқыл газына қарағанда күшті газ. Оның жылыну қабілеті алғашқы 20 жыл ішінде көмірқышқыл газынан 80 есе артық. Метанның ғаламшардың жылынуына әсері бір жылда 717 мың автокөлік жылыну процесіне әсер еткендей болды», – деп жазды ВВС.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Маңғыстау облысындағы мұнай ұңғымасындағы апаттан кейін ауаға таза метан бөлінді деген ақпаратты жоққа шығарды.

Жомарт Әлиев кен орынында апат болғанын растады, алайда ауаға таза метан тарады деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз