Қырғызстан кеден қызметінде басшы болған Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды

Жарияланды
Қырғызстан кеден қызметінде басшы болған Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды / gknb.kg

Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Бакуден Бішкекке экстрадицияланды. 

Kaktus.Media ақпаратына сүйенсек, Райымбек Матраимов елге арнайы үкіметтік ұшақпен жеткізілген. Онымен бірге «Ошгаз» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары Тілек Матраимов та ұсталған.

23 наурызда Бішкекте Қырғызстан басшылығына қастандық жасауды жоспарлаған трансұлттық қылмыстық топтың бес мүшесі ұсталған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті олардың барлығы Әзірбайжаннан келгенін хабарлаған.

Кейіннен комитеттің баспасөз қызметі Райымбек Матраимовтың да Бакуде екенін хабарлады. Оны ұстау және экстрадициялауға Әзірбайжан құқық қорғау органдарымен келіссөздер жүргізілген.

2024 жылдың қаңтар айының соңында Қырғызстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Райымбек Матраимовқа іздеу жариялап, оның жеке мүлкі мемлекетке қайтарылған.

Қырғызстандағы қылмыспен күрес

Еске сала кетсек, 4 қыркүйек күні Қырғызстанда арнайы операция кезінде қылмыстық топ жетекшісі Қамчыбек Көлбаевтың қайтыс болған туралы ақпарат тарады.  Көлбаев 1974 жылы Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласында дүниеге келген. 2000 жылы ол өзінің бұрынғы бастығын өлтіруге оқталғаны және екі адамды өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Алты жыл жазасын өтеп, кейін түрмеден қашып кеткен. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейінірек Мәскеуде жүріп қылмыс әлемінің серкесі атанған. Көлбаев Қазақстан аумағында да трансұлттық қылмыстық ұйым құрды деген күдікке ілінген. Бірақ қылмыстық мерзімі ескіргендіктен жауапқа тартылмаған. 

Ол 2020 жылдың 21 қазанында Бішкекте ұсталды. Оған Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыстық ұйым құру немесе оған қатысу» бабы бойынша күдікті ретінде хабарлама берілген. Кейінірек Бішкек қалалық сотының шешімімен криминалдық басшы өз арызымен босап шығады. 

Ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі ретінде Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрлігінде тіркеуде тұрған. 2012 жылы Америка Құрама Штаттары оны бұрынғы КСРО елдерінен шыққан 10 қылмыс әлемінің серкесінің аты-жөнімен бірге, ірі наркобарондардың бірі ретінде «қара тізімге» енгізген. 

2021 жылдың наурыз айында АҚШ Мемлекеттік департаменті оны ұстауға көмектесетін қандай да бір ақпарат үшін 5 млн доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.

Сондай-ақ оқыңыз