3 сәуірден бастап Samsung ресейлік банктердің төлем жүйесіне тыйым салады

Жарияланды
3 сәуірден бастап Samsung ресейлік банктердің төлем жүйесіне тыйым салады / shutterstock

Оңтүстік Кореяның Samsung Pay қосымшасы ресейлік банктердің «Мир» төлем жүйесіне қатысты барлық мобильді қосымшаларға тыйым салады.

Samsung Pay осы жылдың 3 сәуірінде Ресейде жұмысын тоқтатады. Осы күннен бастап Samsung Pay қолданбасында «Мир» карталарын қосу және пайдалану қол жетімді болмайды. Бұрын қосылған «Мир» карталары мобильді қолданбадан өшіріледі.

Компанияның барлық бөлімшелері Ресеймен жұмыс істеуді тоқтатты. Қазірдің өзінде Samsung Heavy Industries компаниясы «Звезда» кеме жасау компаниясымен келісімшарт жасасқан арктикалық кемелерге арналған жабдықтар өндірісін тоқтатып үлгерген. Samsung өз тауарларын Ресейге жеткізу мен тұрмыстық техника өндірісін ресми тоқтатқан. 

Известия сұхбат берген компания өкілдерінің бірі Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейін де Оңтүстік Корея бренді Ресей нарығына оралмайтынын айтқан. Себебі Samsung өзге ірі шетелдік компаниялар сияқты АҚШ-тың қайталама санкцияларынан қорқады.

Ресейге қарсы санкциялар

Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкциялары айтарлықтай тиімді емес. Ресей Федерациясы оларды үшінші елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы делдалдар көмегімен айналып өтіп жатқанын жазған едік.

Шектеу шеңберіндегі тауарлардың төрттен бір бөлігі Ресейге тікелей Еуропадан тасымалданады. Қалған бөлігі Ресейге сауда шектеулеріне қарамастан астыртын үшінші елдер арқылы жолданады. Басылым меңзеп отырған елдер қатарында Қазақстан да бар.

Сонымен қатар басылым Түркия, БАӘ, Сербия және Қытай ЕО-ның санкцияларын айналып өтуге қатысқан елдер қатарында бар деп айыптады. 

«Тізімде Ресеймен шектесетін елдер, соның ішінде Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан және Армения да бар», – деп жазды халықаралық басылым. 

Айта кететіні, Еуропалық Одақ бірінші кезекте қару-жарақ өндірісіне қажетті технологиялар тасымалдауға тыйым салған. Оның ішінде зымырандар өндіруде қолданылатын қосалқы бөлшектер мен электроника бар.

Бұған дейін ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 13-ші пакетін жариялады. Ол тізімде қазақстандық «Elem Group LLP» компаниясы бар. Қазақстандық кәсіпкерлер санкция салынған елге тауар жеткізген деп айыпталып отыр. 

Былтыр Сыртқы істер министрлігі Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайтынын мәлімдеген. 

Естеріңізге сала кетейік, Financial Times ЕО-ның жаңа санкциялар пакеті қазақстандық компанияларға әсер ететінін хабарлаған болатын.

2023 жылы 29 қыркүйекте Еуропалық комиссия сарапшылары бірқатар елдерге ескерту жасады. Атап айтқанда, Ұйым Ресейге қарсы санкциялардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуін талап етті. Сонымен қатар тиісті шараларға мән беруге шақырды. Сынға ұшыраған мемлекеттердің арасында Қазақстан да болды

Сондай-ақ оқыңыз