Шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың еңбек құқығы қалай қорғалады

Жарияланды
Шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың еңбек құқығы қалай қорғалады / коллаж kursiv.media

Шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғау үшін бірнеше елмен үкіметаралық келісімге қол қою көзделген. Бұл туралы Алматы қаласына ресми іссапары кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

«Министрлік шетелге жұмыс іздеп, еңбек миграциясына кеткен азаматтардың құқығын қорғау үшін 8 үкіметаралық келісімге түрткі болды. 

Ақпан айында президенттің Қатарға сапары кезінде мемлекетаралық келісімге қол қойылды», – деді министр Алматы қаласы тұрғындарымен кездесу барысында. 

Бұдан бөлек, министр Оңтүстік Кореямен және Ұлыбританиямен келісімге келу мәселесі талқыланып жатқанын айтты.

«Оңтүстік Кореяға жұмысқа баратын азаматтарды бейімдеу, тіл үйрену және өзге де қызметтер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында іске асырылады. Бұл жұмыстар министрліктің қарауында болады», – деді министр.

Еңбекке рұқсат беру жүйесі

Осыған дейін Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуді қалайтын қазақстандықтарға арналған арнайы бағдарлама дайындалғанын жазған едік. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтып берді.

«Қазақстан азаматтарын аталмыш елге жұмысқа орналастыруға рұқсат беру жүйесі бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ол үшін орталық құру жұмысы басталды. Ондағы мақсат – жұмысқа орналасқысы келетін азаматтарға тіл үйрету. Жобаны іске асыру Кореяға жұмыс істеуге барған азаматтарымыздың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғауға кепіл береді», – деді Ертаев.

Жоба аясында корей еліне барған қазақстандықтар 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істей алады.

2023 жылы тамыз айында Асқарбек Ертаев министрлікте ел азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды негізде жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан.

«Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Осы жүйе арқылы жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Шетелде жұмыс істегісі келген адамның алдымен тіл үйренуіне, міндетті медициналық тексеруден өтуіне, қажетті құжаттарды рәсімдеуіне еңбек ұтқырлығы орталықтары көмектеседі», – деді ол.

Бұл шетелде істейтін қазақстандықтардың құқын заңды негізде қорғау үшін қажет. Осы мақсатта Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдермен қосымша шаралар қабылдана бастады. Ондағы мақсат ҚР азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдер жасауға бастамашылық ету. 

Біздің міндетіміз – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың заңды құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам қазақстандық шет мемлекеттерде еңбек етуде» – деді Асқарбек Ертаев.. 

Айтуынша, бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Нақтылап айтқанда, Ресей Федерациясында –162 мың жұмыс істеген. Польшада –13 мың қазақстандық еңбек етіп жүр екен. Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған 6 мың адам, Ұлыбританияда 5 мын адам жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз