Жаңалықтар

Көшелерін су басқан Оралда төтенше жағдай жарияланды

Су тасқынына байланысты
Оралда көшелерді су басқаннан төтенше жағдай жарияланды / ТЖМ

Оралда көшелерді су басып, қала әкімі Миржан Сатқанов жергілікті төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы «Мой город» жергілікті басылымы хабарлады.

«Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанованың 2024 жылғы 26 наурыздағы қаулысы бойынша қалада жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды еріген қар суы басты. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

Бұған дейін Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланғанын жазған едік. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан
Сатқановқа 
қатаң сөгіс жариялады.

Облыс басшысы тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізген. Сонда жергілікті атқарушы органның су тасқыны кезіндегі жұмысына көңілі толмаған Төреғалиев әкімдігіне дейін су басып кеткен шаһар басшысына сөгіс жариялаған.

«Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кешелі бері қаланы аралап жүрмін. Кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстаңдар», – деп ескертті облыс басшысы.

Аягөз ауданында жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жарияланды

Ал Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді-мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Жедел желі іске қосылды

ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынына байланысты жедел желілер іске қосылды. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте құтқарушылар әкімдіктермен бірігіп, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорған. Ал су көтерілген жерлерге үш мыңнан астам құм салынған қап төселген.

«Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге құтқарушыларға 52859, 20982 әскери бөлімдерінің сарбаздары көмекке келген. Олар су басу қаупі жоғары Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында су тазалаумен айналысып жатыр.