Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімділігін 30%-дан 70%-ға арттыратын су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімділігін 30%-дан 70%-ға арттыратын су үнемдеу технологияларын енгізуі мүмкін / Kursiv.media

Қазақстан мен Қытай суды үнемдейтін технологияларды сынап көруге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліз» құруға келісті.

Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз кездесті. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық және ондағы өнімділікті 30%-дан 70%-ға дейін арттыратын су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін талқыланды.

Қазақстанда суармалы жерлердің 50%-ына дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарланып жатыр. Әзірге бұл көрсеткіш 16% болып отыр.

«Бізде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте су үнемдеуді енгізуді қолдау және ынталандыру үшін барлық бағдарламалық құжат бар. Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында жобаларды іске асыру басталды», — деді ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Қытайлық тарап суды үнемдеу саласында кешенді қызметтер көрсетуші «Тянье» компаниясының технологияларын қарастыруды ұсынды. Корпорация ҚХР-дағы 500 ірі компанияның қатарына кіреді. Оның өкілдері тәжірибесін көрсетуге дайын. Соның арқасында фермерлер 1 му-дан  (1 га=15 му) 500 кг мақта мен бір тонна жүгері орады.

Тараптар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бекеттері арқылы көлік құралдарымен жеделдетіп өту үшін «жасыл дәліз» құру және «жасыл пломбалар» түріндегі бірыңғай сәйкестендіру құралдарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қазақстандық тарап осы тетіктерді қолдануды толық қолдайтынын айтып өтті. Шекарада бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік беретін ережелерді біріздендіру бойынша ҚХР-дан нұсқау алынды. Мәселе мүдделі мемлекеттік құрылымдармен келісу сатысында тұр.

Айта кетейік, 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 1,7 есе өсті. Сөйтіп 1,3 млрд доллардан асты (экспорт – 1,01 млрд (+184%) доллар, импорт – 290,2 млн доллар (+125%).

Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері Қытай нарығына экспортталады

Бұған дейін Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері Қытай нарығына экспортталатынын жаздық.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен қытайлық Jinmaisui Group Gangwei компаниясы өзара келісімге келген.

Келісімге Қазақстан экспорттаушыларының екінші форумы мен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қытай (Сычуань) – Қазақстан 2024 конференциясы аясында қол қойылған.

Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстанның сауда серіктестері арасында бірінші орынға шыққан.

Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда 31,5 млрд АҚШ доллар болған рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6 пайызға өсті. Сөйтіп 14,7 миллиард доллар болды. Импорт 50,5 пайызға өсіп, 16,8 миллиард АҚШ долларына жеткен.

«Қытаймен өзара байланыс әлемдегі ең ірі инвесторлар мен жетекші экономикалардың бірі. Қазақстан үшін тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақ мерзімді факторы болып отыр. Былтыр Қытай нарығын еркін экспорттай алатын Қазақстанның агроөнімдер тізбесін кеңейттік. Болжам бойынша, Қазақстанның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларының кең ассортиментін қоса алғанда, 135 тауар позициясы бойынша экспортты 1 милиардқа арттыра алады», — деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сарапшылар әлемдегі геосаяси турбуленттік жағдайында Қазақстан мен Қытай қатынасы жаңа серпін алатынын айтады. 

Сондай-ақ оқыңыз