Қазақстанда апатты аймақтардағы адамдарды құтқару үшін әскери ұшақтар қолданылып жатыр

Жарияланды
су басты, су тасқыны
Қазақстанда апатты аймақтардағы адамдарды құтқару үшін әскери ұшақтар қолданылып жатыр / БҚО әкімдігі

Елімізде су тасқыны болып жатқан аймақтардағы халықты құтақруға әскери ұшақтар қосылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының жергілікті тұрғындарына Әуе қорғанысы күштері әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері барды.

Адамдарды құтқаруға Ми-171Ш, Ми-17 және Ми-8 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарының экипаждары кірісті.

«Қостанай облысында әскерилер Қызылжұлдыз, Екідін елді мекендерінде және жақын маңдағы су басқан қыстақтардан 102 адамды, оның ішінде 32 баланы эвакуациялады. Ұшу аралығы – 130-150 шақырым. Әскери ұшқыштардың ұшу тапсырмасы – су тасқынынан зардап шеккен жергілікті тұрғындарды іздеу және оларды көшіру», – делінген хабарламада.

Ұшқыштар күрделі ауа райында 400 шақырым қашықтықты еңсеруі керек.

Оралда ТЖ жарияланды

Еске салайық, еліміздің өңірлерін су басы жатыр. Оралда көшелерді су басып, қала әкімі Миржан Сатқанов жергілікті төтенше жағдай жариялады

«Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанованың 2024 жылғы 26 наурыздағы қаулысы бойынша, қалада жергілікті табиғи төтенше жағдай жарияланды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Оралда ондаған үй мен әлеуметтік нысандарды еріген жаңбыр суы басты. Автожолдарда 26 су тасқыны тіркелді.

Бұған дейін Орал қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланғанын жазған едік. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының әкімі Миржан
Сатқановқа 
қатаң сөгіс жариялады.

Облыс басшысы тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізген. Сонда жергілікті атқарушы органның су тасқыны кезіндегі жұмысына көңілі толмаған Төреғалиев әкімдігіне дейін су басып кеткен шаһар басшысына сөгіс жариялаған.

Аягөз ауданында жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жарияланды

Ал Абай облысының Аягөз ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы Төтенше жағдай жариялады. Оған себеп, су тасқыны кезінде көпір шайылып құлаған. Сонымен бірге үш адам суға кетіп, табылмай жатыр. Бұл жайлы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аягөз ауданында жергілікті маңызы бар «Аягөз-Бозай» автожолының 20 шақырымында Аягөз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты көпірдің жол төсемі шайылып кетті. Қазіргі уақытта көпір арқылы көлік қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, басқа айналма көлік жолдары арқылы елді-мекенмен байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.

Сонымен бірге қазіргі таңда әкімдік пен жергілікті құтқарушылар суға кеткен үш адамды іздестіріп жатыр.

Жедел желі іске қосылды

ТЖМ өңірлердегі су тасқынына байланысты жедел желілерді іске қосып, тұрғындарды эвакуациялап жатыр.

Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынына байланысты жедел желілер іске қосылды. 

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте құтқарушылар әкімдіктермен бірігіп, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорған. Ал су көтерілген жерлерге үш мыңнан астам құм салынған қап төселген.

«Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге құтқарушыларға 52859, 20982 әскери бөлімдерінің сарбаздары көмекке келген. Олар су басу қаупі жоғары Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында су тазалаумен айналысып жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыз