Елімізде әр оныншы азамат азық-түлік сатып алуға 22,3 мың теңге жұмсайды. Бірінші кредиттік бюро мұндай статистика қалай шығатынын түсіндірді.
Ұлттық статистика бюросы табыс теңсіздігін бағалау үшін, әдетте, бүкіл халықты бірдей мөлшердегі 10 топқа бөледі. Онда кірісі аздан көпке қарай бөлу принципіне бекінеді. Нәтижесінде, бірінші топта азырақ қамтылған, ал екінші топта ауқатты азаматтар топталады.
«Демек біз азырақ қамтылған азаматтардың 10 пайызы туралы айтып отырмыз. 2023 жылғы төртінші тоқсанда олардың әрқайсының орташа айлық шығыны орта есеппен 37,6 мың теңге болған. Бұл соманың негізгі бөлігі азық-түлікке – 22,3 мың теңге (шамамен 60%) кеткен», – делінген хабарламада.
Дегенмен бұл көрсеткіш, кез келген орташа көрсеткіштер сияқты, шартты түрде екенін түсіну керек. Екіншіден, есепке азаматтардың көлеңкелі кірістерін қоспау да шын есептің ақпаратын әжептәуір бұрмалайды.
Үкімет 9 азық-түлік бағасын реттемейді
Бұған дейін Үкімет 2024 жылдан бастап тоғыз азық-түлік бағасын реттемейтінін жаздық.
Үкімет 2024 жылы әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды: тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқасын алып тастамақ. Яғни, енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің хабарлауынша, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасына сәйкес, келер жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді.
«2024 жылдың 1 жартыжылдығына қарай ӘМАТ-қа шекті баға енгізу тетігінен отандық өндіріс 100% қамтамасыз ететін 9 азық-түлік тауарына (тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп, тауық жұмыртқасы (1-санат)) бас тарту жоспарланған», –делінген хабарлама.
Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың атынан жолданған хабарламада ӘМАТ тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылатыны жазылған. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті ( жауырын-төс бөлігі), тауық сан еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сары май, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуге тиіс.
Қазақстанда өмір сүру қымбат па?
Айта кетейік, ТМД елдерінің ішінде Қазақстан – ең қымбат елдердің бірі.
Өмір сүру деңгейіне қатысты рейтингте Қазақстан 140 елдің ішінде 91-орында тұр. Қазақстанның индексі бұл рейтингте 25,4-ті құрайды. Аталмыш рейтинг тұтыну тауарлары мен жалға берілетін тұрғын үй құнын Нью-Йорк қаласымен салыстыра отырып дайындалған.
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан – ең қымбат елдердің бірі. Ол Армениядан кейін екінші орында тұр. Ал Беларусь 98-ші, Молдова 101-ші, Ресей 110-ші, Қырғызстан 111-ші, Украина 114-ші, Әзірбайжан 119-шы, Өзбекстан 125-ші орында. Алдыңғы орындарды Бермуд аралдары, Кайман аралдары және Сингапур бар. Пәкістан рейтингтің ең соңында.