Елімізде өнеркәсіптік кооперация жобалары қаржыландырылмақ – Мәжіліс ЕАЭО елдері кәсіпорындарына қатысты құжатты қабылдады

Жарияланды

Мәжіліс ЕАЭО елдері кәсіпорындарына қатысты құжатты қабылдады./Фото:kursiv.media

Елімізде өнеркәсіптік кооперация жобалары қаржыландырылады. Мәжіліс ЕАЭО елдері кәсіпорындарына қатысты құжатты қабылдады.

«2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. Заң жобасын Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат таныстырды.

Бұл хаттама ЕАЭО бюджет қаражатын пайдалана отырып, өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыруға негіз болады. Хаттама мақсаты – ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейту, өзара инвестициялардың өсуін ынталандыру және бірлесіп өндірілетін өнім шығаруды ұлғайту.

«Пилоттық қаржылық көмек тетігінің мерзімі бес жылды құрайды әрі ұзарту мүмкіндігі болады. Қаржыландыру арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық баждар түсімінің 10%-ы есебінен қамтамасыз етіледі», деді министр.

Бұл механизм жұмыс орындарын құруға, қосымша құны бар өнеркәсіп өнімдерін өндіруге және үшінші елдерге өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, жобаны іріктеу критерийлеріне кемінде үш мүше мемлекеттің кәсіпорындары қатысады. Іріктеу мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен бірнеше кезеңде өтеді. Жобаны мақұлдау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қабылдайды. Ведомство басшысы қаржылық жәрдемдесу механизмін де түсіндіріп берді.

«Бұл механизм Алқа, Кеңес, Еуразиялық үкіметаралық кеңес және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қаралып, мақұлданды.  Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болып табылады. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1 млрд 890 миллион теңгені  құрап, 5 жыл ішінде – 9 млрд 450 миллион теңгені құрайтын болады. Қаражат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктері белгілеген базалық ставканың 100% мөлшерінде мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразиялық Даму Банкіне субсидия түрінде беріледі. Бұл ретте, кредиттің коммерциялық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден 6,5% аспауы қажет,» – деді ведомство басшысы.

Қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітті.

«Тізбеге Қазақстаннан 15 қаржы ұйымы енгізілді. Оның ішінде Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық Банкпен келісілген екінші деңгейдегі 11 банк және «Бәйтерек» холдингіне еншілес 4 компания бар», – деп толықтырды министр.

Қаржылық жәрдемдесу тетігі аясында кооперациялық жобаларды іріктеу кезінде мынадай негізгі шарттар белгіленген:

– кемінде ЕАЭО-ға мүше үш мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы;
– кооперациялық жоба шеңберінде өндірілетін өнім мүше мемлекеттерден шығарылуы тиіс;
– жобаны іске асыру мерзімі 5 жылдан аспайды.

«Кооперациялық жобаларды іріктеу бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен, қарыз алушы қаржы ұйымына өтінім береді. Өтінімді қарау қорытындысы бойынша жоба белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияның сараптама тобында және өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырысында қаралады. Жобаны қараудың барлық кезеңдеріне мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысады. Жобаны мақұлдау және субсидия беру туралы шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесінде қабылданады. Бұл Кеңеске Қазақстаннан Премьер-Министрдің орынбасары мүшелік етеді», – деді Шарлапаев өз баяндамасында.

Министрдің айтуынша, Қазақстаннан басқа барлық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер хаттаманы ратификациялау рәсімін аяқтаған.

Айта кетейік Еуразиялық экономикалық комиссия жыл сайын өнеркәсіптік интеграциялық жобаларға Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінен 20 млн доллар бөліп отырады.

Минскіде ЕЭК Министрінің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бизнес өкілдерімен және өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшыларымен жоспарланған жұмыс кездесулерінің бірінші сессиясы өтті. Сол жиында Одақтағы интеграциялық жобалар қалай қаржыландырылатыны айтылды. ЕЭК аясында қаржыландыру биылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз