Қаңтар оқиғасы кезіндегі 4 жастағы Айкөркемнің өлімі: апелляциялық сот ақтау үкімінің күшін жойды

Жарияланды
Айкөркемнің өліміне кінәлі деген айыппен әскери қызметкер 7 жылға сотталды/коллаж kursiv.media

Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған Айкөркем Меделханның өліміне кінәлі деген айыппен әскери қызметкер 7 жылға сотталды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Апелляциялық сот әскери қызметшіге қатысты істі қарады. Бұған дейін сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған.

Қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған. Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады.

Сот алқасы 2022 жылдың 7 қаңтары сағат 19:30 шамасында, сотталушы Ж.-ның блок бекетінде өзінің қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық бергені анықталды. Салдарынан 2017 жылы туған Айкөркем Мелдехан қайтыс болды, кәмелетке толмаған Жанель Мелдеханға 5 оқ тиген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлел арқылы дәлелденді.

Әскери соттың сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Оған сәйкес Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды.

Сонымен қатар сот алқасы Қорғаныс министрінің атына жеке қаулы шығарды. Оған әскери қызметшілердің жол берген заң бұзушылықтар себеп болды.
Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

2023 жылдың 15 қарашасында Алматы гарнизоны әскери соты Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған төрт жасар Айкөркем Мелдеханның қаза болуы туралы іс бойынша үкім шығарған. Сол кезде Алматы гарнизоны әскери соты айыпталушыны ақтаған болатын.  Ал прокурор үкімнің күшін жою жөнінде аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімдеген.  

Сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өткендіктен, адвокат пен қаза тапқан Айкөркемнің туған ағасы – Мелдеханов Бауыржанға мемлекеттік құпияларға, тиісінше қылмыстық істің барлық материалдарына рұқсат берілген.

Сондай-ақ оқыңыз