25 тонна алтын заңсыз өндірілген: Сенат депутаты заңсыз алтын айналымынан мемлекет 1,5 млрд теңге шығын шеккенін айтады

Жарияланды
Шығарушы редактор
В Казахстане нелегально добывают около 25 тонн золота в год
Қазақстан соңғы жылда 25 тонна алтын заңсыз өндірілген. Фото: kursiv.media

Қазақстанда соңғы 4 жылда заңсыз алтын өндіру мен ұрлаудан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында Сенат депутаты Андрей Лукин мәлімдеді.

Сенатордың айтуынша, кейінгі 1 жылда 25 тоннаға жуық алтын заңсыз өндірілген. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымымен байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу тіркелген.

«Қазіргі кезде Қазақстан аумағында алтын өндіретін 42 кәсіпорын тіркелген. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметі бойынша, 2020-2023 жылдар аралығында заңсыз алтын айналымына қатысты 7 іс тергелген. Олардан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асқан», – деді депутат.

Сенатордың айтуынша, алтынды заңсыз өндіретін кеншілердің ісіне тоқтау болмай тұр. Заңды түрде өндірілген 3 тонна алтынға 1 тонна заңсыз өндірілген асыл темір келеді екен. Яғни жылына 25 тоннасы заңсыз қазып алынады. Депутат 50-100 адамнан құралған заңсыз кеншілер шахталарға шабуыл жасап, инфрақұрылымды құрататынын айтады.

Сенатор бұл мәселені алтын кен орындарындағы бақылауды күшейту арқылы шешуге болады деп отыр.

«Бұл қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта оқпандарын талшықты-оптикалық арналармен жабдықтау, кіруді басқару жүйелерін енгізу, инспекциялық жүйелерді пайдалану, қос қоршаулар орнату, автоматты анықтау сенсорларын енгізу және басқа да қауіпсіздік шараларын қамтиды. Аутсорсинг пен күзет компанияларын жалдау қажет. Бұл алтын өндіруші компаниялардың басшылығы мен кеніш қызметкерлері арасындағы қарым-қатынаста делдалдық құруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Лукин.

Лукиннің айтуынша, Қазақстанның асыл металды өндірудегі әлеуеті жылына шамамен 100-150 тоннаға тең. Алайда оны жүзеге асыру үлкен инвестиция мен дамытуды қажет етеді.

«Қазіргі таңда мұндай келісім-шарттардың 80%-ға жуығы пайдаланылмай отыр. Олардың тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет, жер қойнауын пайдаланушылар өндіруші кооперативтерді тартып, олар өндірілген өнім үшін сыйақы алады», – деп түйіндеді сенатор.

2022 жылы отандық кәсіпорындар 129,5 тонна көлемінде өңделмеген алтын өндірген. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 12,8%-ға көп.

2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында зергерлік бұйымдарды өндіру көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8% төмендеген. Осылайша былтырғы 12 айда қазақстандық компаниялар 1,2 млрд теңгенің зергерлік және соған ұқсас бұйымын өндірген. Ал 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 1,4 млрд теңгеге болатын өнім шығарылған.

Алтын сында бағалы металл бағасы әлемдік нарықта да қымбат. Сарапшылар күзге қарай 1 унция алтын $2200 жетеді деген болжам жасайды.

Сондай-ақ оқыңыз