Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді – Тоқаев

Жарияланды
Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді – Тоқаев / коллаж kursiv.media (akorda.kz және shutterstock)

Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл туралы Қытайдағы Боао Азия форумының пленарлық сессиясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті», – деді Тоқаев. 

Ол он жыл бұрын Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» жобасын таныстырып, қазіргі таңда осы жоба аясында Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтіп жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Орта дәліз» арқылы жүк тасымалы былтыр екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз», – деді президент.

Айта кетейік Көлік министрлігі қазақстандық халықаралық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін шектеусіз беруді ұсынды.

Мұндай бұйрық жобасы «Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдауларында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Ашық НҚА порталында жарияланды.

Бланкілерді бөлу жүйесінің алгоритмі белгілі бір мемлекетке олардың жұмыс жолын ескере отырып, жекелеген тасымалдаушыларға жыл бойына құжаттардың белгілі бір санын бекітуді көздейді. Осылай, бұрын жасалған жүйе бәсекелестікті шектеу үшін жағдай жасайды. Бұл ретте қолданылмай қалған рұқсат бланкілерінің артылып қалуы байқалып, олар жыл соңында жүйеге қайтарылады. Мәселен, 2023 жылы пайдаланылмаған бланкілердің 53%-ы қайтарылған, – делінген хабарламада.

Бұған қоса қолданыстағы әдістемеге сәйкес, шетелдік рұқсат бланкілері тасымалдаушыларға 100 күнтізбелік күн мерзімге бос форматта беріледі. Бұл тәсіл көлеңкелі нарықта алыпсатарлық бағамен бланкілерді қайта сатуға қолайлы жағдай жасайды.

Қазақстан әлемнің 42 елімен автокөлік арқылы халықаралық жүк тасымалдайды. Оның 40 елі рұқсат беру жүйесін көздейді. 2023 жылы осы мемлекеттермен 270,8 мың шетелдік рұқсат бланкілерін алмасқан.

Биыл Қазақстан мен Қытай арасында темір жолмен 27,8 млн тонна жүк тасымалданады. ҚР мен ҚХР 2024 жылы жүк тасымалдау көлемін келісті. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.

Сондай-ақ оқыңыз