2040 жылға дейін Алматы ипподромының аумағында өзге құрылыс салуға болмайды

Жарияланды
2040 жылға дейін Жетісу ауданындағы ипподромда құрылыс салу мүмкін емес / Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласы Жетісу ауданындағы ипподромда 2040 жылға дейін өзге бағыттағы құрылыс салуға болмайды. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесу кезінде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Әкімнің сөзінше, қаланың Бас жоспарында 2040 жылға дейін «ипподромды пайдалану үшін» учаскенің нысаналы мақсаты бекітілген. Яғни Ипподром жұмысына қатысы жоқ құрылыс жүргізуге тыйым салынған.

«Егер жер иелерінің бірі аумақта құрылыс салу жоспарын айтса, олардың қалауы болады дегенді білдірмейді. Барлығы Бас жоспарға сәйкес заң аясында болады», – деді Досаев.

2023 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысы аясында таулы жерлерде заң талаптары мен құрылыс нормаларына мүлдем сай келмейтін салынып жатқан 52 нысанды анықтағанын жазғанбыз.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, қаладағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, учаскені бастапқы күйіне келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.

Соңғы екі жыл көлемінде заңсыз құрылыс салушыларға 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін атап өтілгендей, 2023 жылы құрылыс нысандарын жоспардан тыс 1074 тексеру барысында 1140 бұзушылық анықталды.

Атап айтар болсақ, Алматы әкімдігі сапасыз құрылыстан 1 мыңнан астам заң бұзу анықталғанын хабарлап, нәтижесіне 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз