Жаңалықтар

Әбу-Даби Қор биржасы мен KASE/АХҚО капитал нарықтарын дамыту бойынша тәжірибе алмасады

Әбу-Даби Қор биржасы мен KASE/АХҚО тәжірибе алмасады / Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі делегациясының Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары өтті.

Сапар аясында БАӘ Орталық банкінің төрағасы Халед Мохамед Балама, БАӘ Бағалы қағаздар және биржалық тауарлар жөніндегі реттеушісінің басшысы Мәриям Бути Әл Сувайди, Әбу-Даби Қор биржасының төрағасы Ганнам Бутти Алмазруэймен кездесулер өткізді.

Қай бағытта тәжірибе алмасады?

Тараптар Қазақстан мен БАӘ қаржы нарықтарына инвестицияларды тартуды ынталандыруды жалғастыруға, биржалық нарықтардағы өтімділікті арттыруға және Әбу-Даби Қор биржасы, KASE және АХҚО арасында капитал нарықтарын дамыту бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға уағдаласты. Сондай-ақ қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарына БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінің инвесторлары кең ауқымының капиталын тарту мақсатында қазақстандық биржалардың Tabadul цифрлық биржалық сауда платформасына қосылу мүмкіндігін талқылады.

Сапардың мақсаты

«Сапардың негізгі мақсаты – БАӘ реттеуші органдарымен, банк ұйымдарымен және инвестициялық компанияларымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар Қазақстанның қаржы нарығына жаңа қатысушылар мен инвестицияларды тарту, сондай-ақ Қазақстандағы экономиканың нақты секторына, жобалар мен бастамаларға кредит беруді ұлғайту», – деп хабарлады Ұлттық банк. 

БАӘ Қазақстанға 2,9 млрд доллар инвестиция құйған

Еске сала кетсек, былтыр Президент «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледы. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Аталған стратегия климаттың өзгеруіне қарсы күрес көрсеткіштеріне үлес қосудың оңтайлы тәсілдерін айқындайды. 

2005-2022 жылдар аралығында БАӘ Қазақстанға 2,9 млрд доллар инвестиция құйған. Қазір екі елдің бірігуімен 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны 5,3 млрд долларды құрайды. Елімізде БАӘ қатысуымен 273 компания жұмыс істейді. Оның 252-сі шағын кәсіпорындарға тиесілі.

Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт 555,5 млн долларды құрады

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан кәсіпорындарына БАӘ инвестицияларының жалпы сомасы 146,6 млн долларды құрады. Қазақстаннан БАӘ-ге экспорт 555,5 млн долларды құрап, 8,0 пайызға төмендеген (2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда), импорт 54,8 млрд долларды құрап, 2,0 пайызға өскен.

Еліміз әмірліктерге негізінен шикі мұнай, мыс және мыс катодтары, қой немесе ешкі еті, легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген жазық илек,  өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар экспортайды.