АШМ Ұлытау облысында жұттан мың жарымға жуық жылқы қырылғанын мойындады

Жарияланды (жаңартылды )
жұттан жылқы қырылғанын, жылқы,  ат
АШМ Ұлытау облысында жұттан мың жарымға жуық жылқы қырылғанын мойындады / shutterstock

Ұлытау облысында өлген жылқылардың 1 475-інің өлексесі жойылды. Мемлекеттен қолдау және басқа да жеңілдіктер алу үшін мал ресми түрде тіркелген болуы керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангелді Бердалин мәлімдеді.

Вице-министр Амангелді Бердалиннің Ұлытау облысына сапарында жылқылардың өлуі және өлексе жоюға қатысты мынадай ақпарат берілді:

  • қырылған жылқылардың 1 475-інің өлексесі жойылды;
  • көтерем болған жылқы басының басым бөлігінде сәйкестендіру нөмірі жоқ (чиптер немесе тавро жоқ), тиісінше, АШЖБ дерекқорында тіркелмеген;
  • аудандық ветеринариялық станцияларға мал иесінен өлім фактілері туралы өтініш түспеген.

«Жеке және заңды тұлғалар мал басын сәйкестендіруді қамтамасыз етуге («Ветеринария туралы» заңның 25-бабының 5-тармағы) және малды сатып алу, сою және өткізу туралы хабарлауға міндетті. Заң талаптарын орындамаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сай айыппұл салынады. Осыған орай, мал иелері жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінгендіктен, өлген малға қатысты құқығын талап етуге асықпай отыр», – делінген хабарламада.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттен қолдау және басқа да жеңілдіктер алу үшін мал ресми түрде тіркелген болуы керек. Сондай-ақ есепке алу және ветеринариялық талаптарды сақтау халықты малдың қырылуынан және қауіпті аурулардың таралуынан сақтайды. Есеп болмаған соң, ондай малшылар мемлекеттен жем субсидиясын да ала алмады. 2023 жыл қорытындысы бойынша, Ұлытау облысына жем-шөпті субсидиялауға 1,4 млрд теңге берілген.

Бұған дейін Ұлытау мен Ақмоладағы жұттан жайылымда қырылған жылқы саны қаншаға жеткенін жаздық.

Қымызымен аты шыққан Жаңарқа ауданының жұрты әлеуметтік желілерде жылқыға жұт келгенін жазып жатыр. Аштан қырылған жылқы малының суреттерін жарыса жариялауда. Тұрғындардың айтуынша, далада жатқан өлекселердің саны бүгінде 2000-ға дейін жеткен. 

Жұттан қырылған жылқы: Ақмола облысында ахуал қандай?

Ақмола облысының шаруаларына да жылқы басының қырылуы оңайға соқпай тұр. Ауа райының қолайсыздығынан және жайылымдық жерлердің қатқақ болуынан Біржан-Сал учаскесінде (Мамай ауылы) жылқылардың тебіндеуі қиындап, ең жас және кәрі малдар қырылған. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазірге дейін 117 жылқының өлексесі табылған. Оның ішінде тек 27 бас жылқы ғана жергілікті жерлердегі ветеринариялық есептікке алынған. Қалған жылқылар нақты тіркеуде жоқ олардың иелері де белгісіз. Қазір халықтың негізгі бөлігі жануарларды күтіп-бағуды жеке аулаларына ауыстырған. Жайылымда тек қана иелері қалаларда және басқа елдімекендерде тұратын, сондай-ақ өз малдарын азықпен қамтамасыз етпеген тұрғындардың малы қалған.

Ұлытауда жұттың алдын алуға күзде 1,4 млрд теңге бөлінген. Бірақ соған қарамастан, аштықтан талай шаруаның жылқысы қырылды. 

Журналистер аграрлы елде ауыл шаруашылығы саласының нашар дамуының себебі мен бағалардың өсу себебін сұрады.

«Вице-премьер Серік Жұманғарин Қазақстанның баға өсімі жөнінен ЕАЭО бойынша көш бастап тұруының себебін ауыл шаруашылығының нашар дамуымен байланыстырады. Қалай ойлайсыз, неге елімізде бұл сала дұрыс дамымай жатыр?», –деді журналист.

Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Ол бұл саланың 90-шы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда дамығанын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз